Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында Әбу-Дабидің инвестициялық құрылымдарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, Әбу-Дабидің мұнай инвестициялары жөніндегі халықаралық компаниясының басқарма төрағасы, әмірліктің басқарушы әулетінің мүшесі шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаянмен кездесуі болды.
Шейх Мансур бен Заид Аль Нахаянның айтуынша, қазірге дейін Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасына жұмсаған инвестициялары негізінен жылжымайтын мүлік және қалалық инфрақұрылымға жұмсалып келген. «Ендігі жерде өндіріс саласындағы, соның ішінде энергетика секторындағы инвестициялық ынтымақтастыққа алғышарттар жасалып отыр», деді шейх.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сондай-ақ президент бүгін Әбу-Дабидің Сауда-өнеркәсіптік палатасы басқармасының мүшесі — Мердігерлік жұмыстар жөніндегі комиссияның төрағасы Хальфам Әл Каабимен және «Мубадала» компаниясының Атқарушы директоры Халдун Халифа Әл Мүбәракпен кездесулер өткізді.
Аталған кездесулерге Қазақстан тарапынан «Қазына» орнықты даму қорының басшысы Қ.Келімбетов және «Самұрық» холдингінің басшысы Қ.Бозымбаев қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті