Бүгін түстен кейін Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Қазақстан президенті Ресей СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында (Университет) болды. Дипломатиялық кадрларды даярлаудың әлемдік деңгейдегі орталықтарының бірі болып табылатын аталған жоғары оқу орнында 100-ге тарта қазақстандық студент білім алуда.
Кездесу барысында ММХҚИ Ғылыми кеңесінің Н.Назарбаевқа ММХҚИ-ның Құрметті докторы атағын беру туралы шешімі жария етілді.
Білім ордасының профессорлары мен оқытушылары және студенттері алдында сөйлеген сөзінде Президент қазіргі заманғы әлемдегі ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы оның интеллектуалдық әлеуеті болып табылатынын атап өтті. Сондықтан да Қазақстан білікті кадрларды даярлау жүйесіне айрықша маңыз береді.
Мемлекет басшысы қазіргі заманғы әлемдік деңгейдегі проблемаларға, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөліне, сондай-ақ қазақстан-ресей стратегиялық әріптестігінің перспективаларына деген өзінің көзқарасымен бөлісті.
Президент жаңа Қазақстан жаңа халықаралық нақтылықтың көрінісіне айналды деген пікір білдірді. Экономикалық, әлеуметтік дамудың және халықтың өмір сүру деңгейінің негізгі көрсеткіштері бойынша Қазақстан ТМД-да көшбасшылық орынға ие және жоғары серпінмен дамуын жалғастыруда. Қазақстандық ІЖӨ — соңғы 7 жылда әлемдегі аса қарқынды өсуші көрсеткіштердің бірі. Таяудағы үш жыл ішінде оның орташа өсімі 8,5 пайыз деңгейінде сақталмақ, бұл 2008 жылы ІЖӨ-ні 2000 жылға қарағанда екі еселендіруге мүмкіндік береді.
Қазақстан экономикасына әлемнің 60 елінен тартылған тікелей шетелдік инвестиция 70 миллиард долларға жетті. Бұл Орталық Азия елдеріне салынған тікелей шетелдік инвестициялардың 80 пайызын және бүкіл ТМД елдеріне тартылған инвестицияның 10 пайызға жуығын құрайды.
Қазақстан әлемдік шаруашылыққа табысты ықпалдасуда. Егер 1993 жылы сыртқы сауда айналымы 4,9 миллиард долларды құраса, ал ағымдағы жылы 80 миллиард долларды құрайды деп күтілуде.
Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптестігі мәселесіне қатысты Н.Назарбаев басты біріктіруші факторлардың бірі екі елдің соңғы он бес жыл көлемінде нарықтық инфрақұрылымды серпінді дамытуға және ашық демократиялық қоғам құруға негізделген ұқсас институционалдық орта құрып және оны игере отырып, бір бағытта сенімді алға басуы болып табылатынын атап өтті.
«ТМД кеңістігінде біздің даму үлгілеріміз барынша жақын екенін әсіре сілтеусіз айтуға болады», — деп мәлімдеді Н.Назарбаев.
ММХҚИ Ресейдің халықаралық бағыттағы мамандарды дайындау жөніндегі ежелгі оқу ордаларының бірі болып табылады. Жоғары оқу орнының құрылымында 8 факультет пен 4 институт бар, мұнда 53 шетел тілі оқытылады. Қазіргі уақытта ММХҚИ-да 5 мыңнан астам студент білім алуда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті