Қазақстан делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының қысқы отырысына қатысты - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының қысқы отырысына қатысты

Қазақстан делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының қысқы отырысына қатысты

Астана. 25-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Ақпанның 21-22 күндері Венада ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының қысқы отырысы болып өтті. Оның жұмысына Қазақстан делегациясы да қатысты, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі парламент сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

  • 25 Ақпан 2008
  • 528
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, делегация құрамына мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұрбақ Рүстемов, сенат депутаты Бақберген Досманбетов, мәжіліс депутаты Светлана Бычкова, сондай-ақ, парламенттің қос палатасының аппарат қызметкерлері кірген.

Сенатор Б. Досманбетов ассамблеяның тұрақты комитетінің жиналысында баяндама жасап, форумға қатысушыларды алдағы 28-маусым мен 3-шілде аралығында Астана қаласында болатын ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының жыл сайын өтетін 17-ші сессиясына дайындық барысы, оның ішінде, қазір парламент сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев басқарып отырған ассамблеяның жазғы сессиясын Қазақстанда өткізу бойынша ұйымдастыру комитетінің жұмысы туралы хабардар етті.

Естеріңізге сала кетсек, Астанада өтетін ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының жыл сайын өтетін 17-ші сессиясының жұмысына 56 мүше мемлекеттің, ЕҚЫҰ-на серіктес мемлекеттердің ұлттық парламенттерінің депутаттары, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы мен әртүрлі институттарының басшылықтар, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде.

Қысқы жиналыс аясында ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде делегация Қазақстанның таныстырылымын өткізді. Оның барысында форумға қатысушыларға Астанадағы жыл сайынғы сессияның ұйымдастырылуы, елорда, елдің экономикалық және туристік әлеуеті, мемлекеттегі іске асырылған саяси реформалар туралы материалдар таратылды және «Бұл — Қазақстан» деректі фильмі көрсетілді.

Қазақстан делегациясын ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының президенті Йоран Леннмаркер қабылдады. Кездесу барысында делегация Й. Леннмаркерке сенат төрағасы Қ. Тоқаевтың алдағы Астанадағы форумға қатысушыларға ресми шақыруын табыс етті.

Сондай-ақ, кездесуде Қазақстан парламенті мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының арасында 17-сессияны ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылды. Й. Леннмаркердің пайымдауынша, 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуде ұйымның парламенттік ассамблеясының жыл сайынғы сессиясын өткізу ЕҚЫҰ аясында, оның ішінде, Орта Азия елдерінің парламенттерінің қатысуымен парламентаралық диалогты одан әрі қарай кеңейтуге ықпал ететін маңызды шара болады.

Сонымен бірге, Қазақстан, Қырғызстан және Түркіменстан парламенттерінің депутаттарының қатысуымен, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының Орта Азиядағы арнайы өкілі Киммо Килюненнің бастамасымен іске асырылған дөңгелек үстелде аймақаралық парламенттік ынтымақтастық мәселелері қозғалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті