Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Жогорку кенештің 59 депутаты бұл шешімді қолдап дауыстарын берсе, 17 депутат қарсы болған. Қалыс қалғандар болмаған.
Дауыс берердің алдында 15 минуттық үзіліс жарияланған. Ол уақытта фракция өкілдері өз топтарының ортақ ұстанымдарын тағы да талқылауға мүмкіншілік алған.
Сонымен қатар, парламент қырғыз шенеуніктері аталмыш пансионаттарды Қырғызстан меншігіне 1990 жылдардың басында рәсімдемеу себептерін тергеумен айналысатын депутаттық комиссия құруға шешім қабылдады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қырғызстанның мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Тұрсын Тұрдымамбетов Ыстықкөлдегі Қазақстанның төрт пансионаты Қазақстанның меншігіне қайтарылады деп мәлімдеген болатын.
«Қырғызстан Қазақстанға пансионаттар салынған біздің жерімізді беріп жатқан жоқ, тек оның өз меншігін өзіне қайтарып отыр», — деді Т. Тұрдымамбетов.
Оның айтуынша, пансионаттар салынған жер Қазақстанға 49 жылға жалға беріледі.
Т. Тұрдымамбетов бүгінде Қырғызстанның дауажайларға қатысты бәсекелестігі өте жоғары екендігін атап көрсетті. Ал Қазақстандық пансионаттар Ыстықкөлдегі курорттық аймақ беретін барлық пайданың 70%-ын әкелуде. 2007 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның пансионаттары Қырғызстан бюджетіне 8,5 млрд сом аударған.
Мемлекеттік комитет төрағасы сонымен бірге, жуырда нормативтік актілерге түзетулер енгізіліп, соған сәйкес, Қырғызстан аумағындағы шетелдік инвесторлардың нысандарында 80%-дан кем түспейтіндей көлемде жергілікті тұрғындар жұмыс істеуге тиіс екендігін хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, пансионаттар 1960 — 1970 жылдары одақтық қаржыландыру есебінен салынған. Құрылыс бойынша біртұтас тапсырыс беруші функциясы Бүкілодақтық кәсіподақ ұйымдары одағының орталық кеңесіне жүктелді.
Кеңес Одағы ыдырағанға дейін Ыстықкөлдегі барлық курорттық нысандар Одаққа жаппай ортақ меншік болды. Алайда, 1992 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ТМД елдерінің Бішкекте өткен кеңесінде «Меншіктік қатынастарды реттеу және құқықтарды өзара мойындау жөніндегі келісімге» қол қойылды. Бірақ оның құзыры «4-ші баптан басқасына» жүреді делінді. Бұл бапқа сәйкес, «тараптар басқа елдердің аумағындағы, алайда, осы тараптардың меншігі болып табылатын нысандарды өзара мойындайтындығы» айтылған.
«Бұдан кейін Қырғызстанның Жоғарғы кеңесі 1992 жылы пансионаттарды Қазақстанның емес, Қырғызстанның меншігіне қабылдау жөніндегі қаулы қабылдап, нысандарды Қырғызстанның мемлекеттік мүлік қорының балансына қабылдауды тапсырды. Алайда, ол жүзеге асырылмады. Осы себепті мәселе шешімін таппады. Нәтижесінде, пансионаттар Қырғызстанның емес, Қазақстанның меншігінде болып шықты»,- деді Қырғызстанның мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті