Алматының ортасында салынып жатқан 21 қабаттық ғимарат бұзылады - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+7 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматының ортасында салынып жатқан 21 қабаттық ғимарат бұзылады

Алматының ортасында салынып жатқан 21 қабаттық ғимарат бұзылады

Алматы. 15 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Алматының ортасында, атап айтқанда, Гагарин - Мыңбаев - Сәтбаев - Радостовец көшелерінің шеңберінде салынып жатқан 21 қабаттық ғимарат бұзылады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментіне сілтеме жасай отырып.

  • 15 Сәуiр 2008
  • 580
Фото - Caravan.kz

Бұл аумақтағы тұрғын үйді «Атамекен құрылыс» компаниясы салып жатыр. «Құрылыс компаниясының құрылыс салуға рұқсаты жоқ. Біз оны бермейміз. Себебі, олардың техникалық жағдайы, жоба бойынша қорытындылары жоқ. Олар бұл нысанды ешқандай рұқсат құжаттарынсыз салған», — деді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің директоры Қайрат Қоңырбаев.

Құрылысқа жақын маңдағы қосалқы станцияның қуатының төмен болуынан құрылыс кезінде электр қуаты жиі өшіп қалып отырған. «Біз құрылысшыларды қосалқы станциядан қаншама рет ажыраттық. Олар сонда да заңсыз дизельдік мотор орнатып алып, құрылыстарын жалғастырды. Бірнеше рет жасалған ескертулер, тыйымдар оларға әсер еткен жоқ», — деп хабарлады Қ. Қоңырбаев.

Департамент басшысының түсіндіруінше, осы мекеменің сотқа ұсынған материалдары негізінде заңсыз құрылысты бұзу туралы үкім шығарылған. «Олардың да, біздің де бюджетімізде бұзу қаражаты қарастырылмаған», — деді Қ. Қоңырбаев. Және заңға сәйкес заң бұзушылық айыпты жақ, яғни құрылыс компаниясы есебінен жойылуы тиіс екенін жеткізді.

«Біз оны бұзумен айналысатын мердігер ұйымды ұсындық. Қазір «Атамекен құрылыс» компаниясы мердігермен келісімге қол қойып, ғимаратты бұзу қаражатын алдын ала төлеуі тиіс», — деді департамент директоры.

Қ. Қоңырбаев Алматы қаласында заңсыз салынған құрылыстарды бұзу оқиғасы бұған дейін де болғанын хабарлады. Атап айқанда, екі жыл бұрын Жастар мен жасөспірімдер театрының маңындағы саябақта құрылысы аяқталған 4 қабатты қонақ үй бұзылған. Қазір оның орынында балалар алаңқайы бар», — деді директор.

Алматыдағы заңсыз құрылыс мәселесін жуырда болған жиналыста қала әкімі Ахметжан Есімов көтерген. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің директорының баяндауынша, оның ұйымы жұмысқа салыстырмалы түрде жақында кіріскен. Сондықтан, қадағалау органының қызметкерлері барлық заң бұзушылықтардың алдын ала алмаған. «Бүгінгі таңда департамент бүкіл қала бойынша 2000 нысанды қадағалап отыр. Ал біздің штаттық құрамымыз 52 адам. Олардың тек отызы инспекторлар. Адамдардың жетіспеушілігі қатты сезілуде», — деп түсіндірді Қ. Қоңырбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті