Іле Алатауы мемлекеттік табиғи ұлттық паркінде жүзжылдық "Шренка" шыршалары кесілуде - газет - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+11 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Іле Алатауы мемлекеттік табиғи ұлттық паркінде жүзжылдық "Шренка" шыршалары кесілуде - газет

Іле Алатауы мемлекеттік табиғи ұлттық паркінде жүзжылдық "Шренка" шыршалары кесілуде - газет

Алматы. 18 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Іле Алатауы мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің Қырғауылды шатқалында жүзжылдық "Шренка" шыршалары кесілуде, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі "Время" газетіне сілтеме жасай отырып.

  • 18 Сәуiр 2008
  • 1186
Фото - Caravan.kz

Газеттің хабарлауынша, Шренка шыршаларының биіктігі 40 метрге дейін, діңінің диаметрі 2 метрге дейін жетіп, 300 жылға дейін өмір сүреді. Бұл ретте олар өте баяу жылына 1-2 см ғана өседі. Сондықтан шыршаларды қырқу әрқашан да қатаң бақылауда болып келген.

«Өткен аптада мен өзіме белгіленген жерді аралап жүріп, көршілес участокта кесілген көптеген шыршалар жатқанына назар аудардым. Ол жерде белгі салынбаған көптеген ағаш жатты. Кейбіреуін төменге түсіріп те үлгерген», — деп хабарлады Іле Алатауы мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің күзет инспекторы Игорь Захаропуло.

Оның айтуынша, бұл участокта бірінші санаттағы орман алқабы болған және кесілген ағаштар да сау ағаштар.

Қорық аумағындағы ережеге сәйкес, егер ағаштар кәрі немесе ауру болса ғана кесілуі тиіс. Соның өзінде тиісті құжаттар рәсімделуі тиіс.

«Заң бойынша ағаш кесілерден бір жыл бұрын орманшы мен инспектор келіп, кесілетін жер мен ағаштар санын белгілейді. Ағаш діңінде белгі салынады. Сосын ағаш кесу билеті беріледі. Бұл жағдайда бұның бірі де жасалмаған», — деді И. Захаропуло.

Оның айтуынша, заңсыз ағаш кесу оқиғасын анықтағаннан кейін ол сол жерге жауап беретін инспекторға жолыққан. «Ол маған ағаш кесуге ешқандай қағазға қол қоймағанын айтты. Әрине, біз бұған қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Облыстық табиғат қорғау прокуратурасын, облыстық орман және ау шаруашылығы комитетін хабарландырдық. Жақын күндері инспектор жіберуге уәде беріп отыр. біз шыршалар үшін соңына дейін күресеміз. Себебі, олар оңтүстік астананың тынысы емес пе?», — деді ұлттық парктің күзет инспекторы.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекеттік Іле Алатауы табиғи ұлттық паркінің бас директоры Абай Бегімбетов табиғат қорғау заңнамасы табиғи паркта бұзылмады деп есептеген болатын. Атап айтқанда, ол баспасөз мәслихатында парк аумағында табиғат қорғау заңын бұза отырып салынған нысандар жоқ екенін хабарлаған.

«Біздің парктің аумағында табиғат қорғау заңын бұза отырып салынған нысандар жоқ», — деді А. Бегімбетов.

Оның айтуынша, табиғи ұлттық парк аумағында су режимінің өзгеруі бұзылуына себеп болуы мүмкін қандай да бір құрылыс жоқ.

«Менің ойымша, өзен жағасындағы құрылысқа қатысты әңгіме алдын ала ойластырылған. Бұл, әсіресе, осы мәселе бойынша жақсы хабардар емес адамдарға қатысты. Себебі, қазіргі таңда облыста су жағасынан қанша метр алыста құрылыс салу керек деген нақты өлшем жоқ қой. Ал тап қазір қандай да бір ғимарат заң бұзып салынды деп ешкім де кесіп-пішіп айта алмайды», — деді парк директоры.

«Тіпті баршаға белгілі Тау Дастарханды алатын болсақ та, барлық нормалар сақталынған. Кезінде осы кешенді салар кезде су шаруашылығы қызметімен барлығы да келісілген. Және бүгінгі күні өзенге қандай да бір залал немесе қолайсыз ықпал ету оқиғасы орын алған жоқ», — деп атап көрсетті А. Бегімбетов.

Ал сол мезгілде «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов Үлкен Алматы шатқалында салынған мейрамханалар мен әртүрлі ойын-сауық кешендері дәл су шаруашылығы қорғауға тиіс аумақта орналасқан деп сендіруде.

«Қазақстан Республикасының Су кодексі бойынша өзеннен 20 метр қашықтыққа дейін ешқандай нысанды салуға болмайды. Өзен алқабы толығымен еркін және таза болуы шарт», — деп атап көрсеткен эколог. Оның айтуынша, заңның әрбір үтір, нүктесіне зейін қояр болсақ, онда бұл нысандардың көпшілігі бұзылуы тиіс.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті