Алматы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі Елбасы алдында қаржы орталығының даму барысы жайында есеп берді - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі Елбасы алдында қаржы орталығының даму барысы жайында есеп берді

Алматы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі Елбасы алдында қаржы орталығының даму барысы жайында есеп берді

Алматы. 25 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қаржы орталығы мен елдің қор нарығын дамыту бойынша берілген тапсырманың жүзеге асу барысы туралы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің екінші мәрте жылдық есебін қабылдады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі АӨҚО баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасай отырып.

  • 25 Сәуiр 2008
  • 585
Фото - Caravan.kz

«2007 жылы агенттік жұмысы заңнамалық базаны жетілдіруге, инфрақұрылымды дамытуға, жаңа қаржы құралдарын енгізуге, халықты қор нарығының негіздеріне үйретуге бағытталды», — деп хабарлады АӨҚО баспасөз қызметі.

Агенттіктің ақпаратына сүйенсек, елдің қор нарығының іс жүзіндегі көрсеткіштері ұлғайған. Мәселен, құнды қағаздар нарығының капиталдануы 60% өсіп, 2008 жылдың 1 қаңтарында 68,6 млрд АҚШ долларына жеткен (Қазақстанның ЖІӨ-інің 67,3%). 2008 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша ол шамамен 100 млрд долларға жеткен.

«АӨҚО құрылуымен бірге қор нарығындағы мемлекеттік емес құнды қағаздар саудасының көлемі 87,8% өсіп, 13,23 млрд долларға жеткен (2008 жылдың алғашқы тоқсанын қоса есептегенде 14,33 млрд доллар). Салыстыру үшін айтар босақ, Қазақстан осы көрсеткіш бойынша ТМД елдері арасында Ресейден кейінгі екінші орында», — деп көрсетілген хабарламада.

Негізінен шикізат (48%) және қаржы (44%) секторларының кәсіпорындарынан тұратын Қазақстан экономикасының диспропорциялы дамуына қарамастан агенттік өңдеу, құрылыс, көлік, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің компанияларын қор нарығына тарта алған.

Сонымен бірге, АӨҚО «ABN AMRO Securities Kazakhstan», «HSBC Секьюритиз Қазақстан», «Ansher Capital Kazakhstan», «Тор-Инвест», «Unicorn IFC», «Ренессанс Капитал Инвестментс Қазақстан» секілді атақты брокерлік компанияларды тартуға жағдай жасаған.

Сондай-ақ, агенттік жаңа қаржылық құралдарды: «Сбербанк России» акциясының сертификаты мен «Russia Renaissance Fund SPC» индекстік қорының акцияларын енгізуге жағдай жасаған.

Агенттік өткен жылы Қазақстан қор биржасын (KASE) толығымен коммерциялаған. KASE мен АӨҚО сауда алаңдары бірігіп, Қазақстанда біртұтас қор нарығы қалыптасқан. Сондай-ақ, агенттік бастамасымен тұңғыш рет 2010 жылға дейінгі биржаның даму стратегиясы жасалған.

Қазақстан компанияларының несиелік қабілетін дәл бағалау, шағын және орта компанияларға рейтинг тағайындау қызметінің құнын арзандату үшін ұлттық АӨҚО рейтинг агенттігі құрылған. Сонымен қатар, «АӨҚО Академиясы» — білім беру орталығы жұмыс істей бастады.

«2005 жылдың ортасына дейін негізгі инвестор елдер Еуропа мемлекеттері, АҚШ, Қытай болса, бүгінгі таңда Азия және Парсы шығанағы елдерінен инвестициялық ағын ұлғайды. Мысалы, Оңтүстік Кореяның тікелей салған инвестициясы $262 млн, Жапония — $405 млн. Екіншіден, 2006-2007 жылдары тікелей инвестиция көлемі 4 есе өсті. Нәтижесінде Қазақстан экономикасына салған шетел инвестициясының 50 пайызы қаржы саласында шоғырланды», — деп атап көрсетілген мәтінде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті