Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Пасха күні Алматыдағы Свято-Вознесенский соборында болған мемлекет басшысы мейрамға келушілерді құттықтай келе: «Жақыныңды құрмет тұту, бір-біріңді сыйлау, ұлтаралық және дінаралық келісім сияқты адамзаттың мәңгілік қасиеттерін тірек ете отырып, біз Қазақстанды тұрақты мемлекет ретінде құра білдік. Біз экономикамызды өркендету арқылы ел азаматтарының игілігінің артуына барлық жағдайды жасап келеміз. Сіздер оны жақсы білесіздер. Өйткені біз бірлесе отырып тәуелсіз Қазақстанды құрдық, оны әлемге танымал еттік. Біздің төзімділігіміз пен бейбіт келісімде өмір сүруіміз бүгінгі күні көпке үлгі және ортақ мақтанышымыз»,- делінген хабарламада.
«Мен, мемлекет басшысы ретінде Пасха және басқа да діни мейрамдардың көпұлтты Қазақстанда бейбітшілік пен келісім жағдайында аталып өтілуіне мүмкіндік беретін теңдік саясатын жүргізе беретін боламын»,- деді президент.
Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандықтарға төзімділік, өзара сенім және бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан аса үлкен үлестері үшін алғыс білдірді. Ел президенті Қазақстанның православиелік шіркеуіне, Астаналық және Алматылық Митрополит Мефодийге және барлық шіркеу қызметкерлеріне ортақ Отанымыз — Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында өзара келісім мен достықты нығайту бағытында атқарып жатқан қызметтеріне алғысын айтты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті