GLOVE-В ғарыштық аппараты есепті параметрлі мақсатты орбитаға шығарылып, тапсырыс берушінің басқаруына берілді.
GLOVE-В ғарыштық аппараты «Союз-ФГ» зымыран тасығышының көмегімен 2008 жылдың 27-сәуірінде Астана уақытымен 4 сағат 16 минутта ұшырылым кешенінің №31 алаңынан №6 ұшырылым қондырғысынан штатты режимде ұшырылды.
Ұшырылым циклограммасына сәйкес, «GLOVE-В ( техникалық жіктеу бойынша GSTB-V2/B) ғарыш аппараты «Фрегат» үдеткіш блогымен 10 минуттан кейін зымыран тасығыштың соңғы сатысынан бөлініп, көрсетілген параметрлі есепті орбитаға шығарылды. Бұдан кейін «Фрегат» үдеткіш блогының қозғалтқышын өшіру арқылы ғарыштық аппарат мақсатты орбитаға шығарылды.
Мәскеу уақытымен 6 сағат 01 минутта Еуропалық навигациялық аппарат «Фрегат» үдеткіш блогынан бөлініп, тапсырыс берушінің басқаруына берілді.
Бұл Galileo навигациялық жүйесінің сынақтық екінші жер серігінің ұшырылымы. Galileo навигациялық жүйесінің бірінші жер серігі — GIOVE-A (Galileo In-Orbit Validation Element) Байқоңырдан 2008 жылдың 28 желтоқсанында «Союз-ФГ» зымыран тасығышының көмегімен ұшырылған. GIOVE-A ғарыштық аппараты биіктігі 23 000 шақырымнан астам есепті орбитаға шығарылды.
Салмағы 700 килограмдық GLOVE-В жер серігі Еуропаның Galileo навигациялық жүйесін дамытуға арналған. Жер серігі 23 000 шақырымға жуық орбитада 56 градусқа ылдилай орналасады. Жер серігі 12 жыл белсенді жұмыс істеуге тиіс.
Galileo — Еуропалық ғарыш агенттігінің жобасы. Ол Еуропаның өзіне тиесілі, тәуелсіз, ғаламдық навигациялық жер серігі жүйесі. Жобаға Еуропалық қоғамдастық елдерімен қатар Қытай, Израиль, Оңтүстік Корея, Украина мен Ресей де қатысады.
АҚШ-тың ғаламдық GPS навигациялық жүйесі мен Ресейдің ГЛОНАСС навигациялық жүйесінен ерекшелігі — Galileo жүйесін мемлекет те, әскери құрылымдар да бақыламайды.
Galileo жүйесіне 30 жер серігі (27 операциялық және 3 қосалқы) енеді және ол Жер бетіндегі заттарды 5-10 метрлік қателікпен тануға қабілетті. Galileo жүйесі АҚШ-тың GPS және Ресейдің ГЛОНАСС жүйесімен бірлесе жұмыс істей алатын болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті