«Біз парламентке бірқатар заңдарға түзетулер енгіздік. Олар барлық мемлекеттік органдармен келісілген. Бұл Қазақстан Республикасында жеке меншік пен мемлекеттің әріптестігін және концессия тәсілімен ақылы жолдарды енгізуге байланысты», — деді С. Ахметов.
«Біз «Автокөлік жолдары туралы» заңға балама жол қажет деген бөлімді алып тастау туралы түзету енгіздік. Себебі, еліміздің автокөлік жолдарындағы қарқын төмен және балама жол болған жағдайда ақылы автокөлік жолы ешқашан ақталмайды», — деді министр.
Сонымен бірге, оның айтуынша, «Концессиялар туралы» заңға да түзету енгізіліп, «автокөлік жолдарының ақылы болуы инвестордың шығындарын өтеуді қамтамасыз ете алмаған жағдайда мемлекет концессия мерзімінде аталған шығындарды өтеп беретін болмақ».
«Бұл мемлекет жеке меншік инвестор-концессионермен тәуекелді бөліседі дегенді білдіреді. Бұл дұрыс, неге десеңіз, біз тәжірибесін зерттеген көптеген елдерде осындай шара қарастырылған, онда мемлекет жеке меншік сала мен мемлекет арасындағы әріптестік процессін де басқарады», -деді министр.
Балама жолдың болуы міндетті емес дегенге байланысты концессионерлерді алшаңдатып жіберу мүмкіндігі туралы журналистер сауалына жауап берген С. Ахметовтың түсіндіруінше, «концессионердің барлық міндеттемелері, мемлекеттік уәкілетті органмен арадағы қарым-қатынас жайы нақты жобаның концессиясы туралы келісім-шартында көрініс табады».
«Бұл концессионер жолды тек тартып қана қоймай, оны ұстап, оған қызмет көрсетеді. Сол себепті ол біріншіден, алымдарды жинауға, екіншіден, мемлекет өтеп беретін инвестицияларды жұмсауға, үшіншіден, өзіне пайдалырақ болғандықтан, осы жолдың сапасын қадағалауға мүдделі болмақ», — деп санайды министр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті