Қырғызстан үкіметі қазақ-қырғыз шекарасы туралы келісім бойынша кейбір саясаткерлердің айыптауларын айғақсыз деп есептейді - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+7 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қырғызстан үкіметі қазақ-қырғыз шекарасы туралы келісім бойынша кейбір саясаткерлердің айыптауларын айғақсыз деп есептейді

Қырғызстан үкіметі қазақ-қырғыз шекарасы туралы келісім бойынша кейбір саясаткерлердің айыптауларын айғақсыз деп есептейді

Бішкек. 7 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Қырғызстан үкіметі қазақ-қырғыз шекарасы туралы келісім бойынша кейбір саясаткерлердің айыптауларын айғақсыз деп есептейді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі кеше жарияланған Қырғызстан үкіметінің баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасай отырып.

  • 7 Мамыр 2008
  • 840
Фото - Caravan.kz

«Қарқара деген жерді беру билікке саяси қысым көрсету және халық санасымен ойнау құралына айналды», — деп хабарланған үкіметтің баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде. Хабарламада бұл мәлімдеме Қырғызстан парламентінің депутаттары қазақ-қырғыз шекарасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі мәселе төңірегінде тайталастардың толастамауымен байланысты қабылданғаны көрсетілген.

«Бұл адамдар мен БАҚ ел азаматтарын Қырғызстан саналы түрде өз жерінің бір бөлігін Қазақстанға берді деп елді адастыруда. Бұл аса күрделі мәселені бір жақты ету үшін қолда бар құжаттар мен карталарға арқа сүйеу қажет», — деп көрсетілген құжатта.

Атап айтқанда, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті (БОАК) 1930 жылы шығарған «Қазақ және Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикалары арасындағы шекара туралы» қаулыда Сусамыр, Көкайрық және Шелекпен бірге Қарқара жайлауы екі республиканың малшыларының ортақ пайдалануына қалдырылған. Сонымен бірге, айта кететін жайт, Қырғызстан КСРО құрамында болған кезінде осы шатқалдағы шекара 4 рет қайта қаралған.

Сондай-ақ, 1930 жылғы БОАК қаулысына сәйкес, Қырғыз КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының 1961 жылғы жарлығымен, 1968 жылғы екі республиканың Жоғарғы Кеңестерінің Төралқаларының хатшылары қолдарын қойған Ыстықкөл және Алматы облыстары арасындағы әкімшілік шекара сипаттамасы бойынша және КСРО Қорғаныс күштерінің Бас штабының осы жер бойынша карталарында шекара сызықтары жүргізілген. Бір қызығы, кейбір жерлердегі сызықтар бір-бірімен сәйкес келмеген.

Бұл ретте есте ұстайтын бір жайт 1930 жылғы БОАК қаулысынан басқа құжаттар заңдық құжат болып табылмайды. Себебі, оларды бекіту бойынша заңдық процедуралар жүргізілмеген. 1998 — 2001 жылдары шекараны делимитациялау кезінде екі жақты да қанағаттандыратын оңтайлы жол таңдалды. Заң жүзінде Қазақстанға тиесілі, бірақ Қырғызстан шаруашылығымен пайдаланылатын 1150 гектарды алып жатқан Ірісу мен Қылшықбай өзендерінің аралығы Қырғызстанға берілді. Оның құнына заң жүзінде Қырызстанға тиесілі, ал іс жүзінде Қазақстан Республикасы пайдаланатын 620 гектар аумақ Қазақстанға берілді.

«Осы секілді мәселелерді қарастырған кезде бірінші кезекте екі тарап та мойындайтын құжаттар мен фактілерге жүгіну керектігін айта кеткен абзал. Басқа дәйектемелердің қандай да бір басқа жағдайда жалпы дүниежүзілік тәжірибеде күші жоқ», — деп мәлімдеді Қырғызстан үкіметінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, жекелеген саясаткерлер БАҚ арқылы «Қарқара (қырғызша Қарқыра — агенттік ескертпесі) көршілерге берілді» деп мәлімдемелер жасаған және оны жалғастыру үстінде. Олар бізден тарихқа жүгінуді сұрайды, деп хабарлады басасөз қызметі.

Қарқара — Қарқара, Жылысу, Кеген, Талдысу, Тоқтаян және Сантас өзендерінің бассеинін қамтыған ауқымды территория. Қарқара аумағы шамамен 60 мың гектарды құрайды.

Мемлекеттік шекараның өту сызығы Ыстықкөл облысының Түп ауданы тұрғындарының мүдделерін ескере отырып бекітілген. Олар Қазақстанға тиесілі, бірақ Қырғызстан азаматтары пайдаланған жерлерді қалдыруды өтінген. Қазақстан жағына барлығы 625 гектар жер берілген. Оның бір бөлігі «Кеген» шекара бекетінің маңында орналасқан. Сонымен бірге, Қырғызстан осы алмасуда 1136,6 гектар жерге ие болған. Ол жерді Қырғызстанның Санташ ауылының тұрғындары белсенді пайдалануда. Тіпті жай ғана есептеп көрсеңіздер де келісім жасалар кезде Қырғызстанның құқығы еш тапталмағанын көресіздер, деп көрсетілген хабарламада.

Осыған байланысты Қырғызстан Республикасы үкіметінің баспасөз қызметі Қырғызстанның мемлекеттік мүддесі аяққа тапталды деп айыптап жүрген жекелеген саясаткерлердің мәлімдемелерін негізсіз деп есептейді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жалпы ұзындығы 1241,58 шақырымды құрайтын мемлекеттік шекара өтетін сызықты анықтау бойынша келіссөздер бірнеше жыл бойы жалғасты. Көптеген келіссөздердің нәтижесінде тараптар Қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы келісім жасалды. Оған 2001 жылдың 15 желтоқсанында Астана қаласында қол қойылды. Қазақстан Республикасы аталмыш келісімді 2003 жылдың шілде айында ратификациялады. Ал Қырғызстан Республикасы аталмыш құжатты 2008 жылдың сәуір айында ратификациялаған болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті