Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2008 жылдың 19 маусымында Петропавл қаласының әкімі Владимир Никандров, әкімнің орынбасары Павел Глов, әкімнің аппаратының тұрғын үйді тіркеу және қайта бөлу бөлімінің бастығы Елена Ереженова, «Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік басқармасының бастығы Боташ Хайнетова, «Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік басқармасының бастығының орынбасары Сергей Котеневке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабы, 3-тармағы, «б», «г» тармақшалары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Шенеуніктер қызметтік лауазымын пайдалана отырып, Петропавл қаласы әкімдігінің меншігіндегі пәтерді жекешелендіріп алған. Қаржы полициясының айтуынша, бұл әрекет үшін олар дүние-мүліктері тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады. Сондай-ақ, белгілі бір қызметтерді 3 жыл мен 7 жыл аралығында атқара алмайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті