Оны ҚР Волейбол федерациясының Бас хатшысы Ермек Сырлыбаев бүгін ҚазАқпарат тілшісне берген сұхбатында айтты.
«Дәстүрлі бұл турнирге биыл әйелдер арасында — 4, ерлер арасында — 5 команда қатысуда. Алжир құрамасы бізге қатыса алмайтынын соңғы күні ғана айтты. Ерлер арасында басты қарсыласты атау маған бұл жолы қиындау боп тұр. Онда 2-3 орын алсақ та қуанамыз. Ал әйелдер арасында ақтық сында Қазақстан-1 мен Қытайдың «Джиангсу» волейбол клубы кездесуі мүмкін. Біздің «Жетісу» волейбол клубы биыл олармен 2 рет кездесті. «Тайланд ханшайымы кубогы» халықаралық турнирі мен Индонезияда өткен клубтық Азия чемпионаты кезінде 3:1 есебімен қазақстандықтар басым түсті», дейді Бас хатшы Сырлыбаев. Ермек Әмірбекұлының айтуынша, бұл турнирге қатысып жатқандардан ерлер арасында Иран мен Тунис, әйелдер арасында Украина, Қазақстан және Қытай алдағы Әлем чемпионатына қатысады. Әйелдер құрамасы үшін бұл биылғы жылы олар қатысып жатқан үшінші турнир. Бұдан кейін олар Ресей мен Украина ойындар өткізіп, қыркүйекте — Азия, ал қазанда Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.