Қазақстан 2011 жылғы Азия ойындарына қызу дайындалып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан 2011 жылғы Азия ойындарына қызу дайындалып жатыр

Қазақстан 2011 жылғы Азия ойындарына қызу дайындалып жатыр

Қазақстанда 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары өтетін спорт нысандарының құрылысы үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев мәлім етті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімінің ресми сайты.

  • 14 Шiлде 2010
  • 691
Фото - Caravan.kz

«Бүгінгі таңда барлық нысандардағы құрылыс жұмыстары 75%-ға орындалды. Қаржы толық бөлінген, кестеге сай игеріліп жатыр», — деді ол сейсенбі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Кесте бойынша Азия ойындарына қажетті нысандар биыл күзде тапсырылуы тиіс.

Т.Ермегияевтің айтуынша, «биатлон стадионы дайын деуге болады, оның негізгі қаңқасы салынып бітті, шаңғы трассалары қыркүйекте тапсырылады».

Сонымен қатар «фристайл жанкүйерлеріне арналған «Табаған» спорттық ойын-сауық кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын», дейді ол.

«Жалпы, кешен қонақтардың тұруына, орналасуына дайын. Келер аптада шаңғы трассаларына тағы қажетті қаржы бөлінеді», — деп нақтылады вице-министр.

Сонымен қатар, «Шымбұлақ» спорт базасын қаржыландыру мәселесі де шешілді. «Шаңғымен түсетін асу жолдар дайын, қондырғыға қажетті қаржы проблемасы туындаған болатын. Кеше Қаржы министрлігінде өткен кеңесте бұл мәселе де шешілді. Жақын күндері қаржы бөлінеді», — деп атап өтті вице-министр.

Т.Ермегияевтың айтуына қарағанда, Астанадағы коньки жарысы өтетін стадион құрылысы жобадағы техникалық өзгерістерге байланысты аздап кешіктірілген.

Ол «Қазақстан» спорт кешеніндегі мұз айдынына бөлінген 3 млрд теңгенің 70 пайыз игерілгенін, құрылыс жұмыстары толық қарқынмен жүріп жатырғанын тілге тиек етті.

«Астанадағы велотрекке қатысты айтар болсақ, оған бөлінген 18,5 млрд теңгенің 75%-ы игерілді, оны биыл қарашаның 1-інде пайдалануға береміз», — деді вице-министр.

Ал, «Медеу» спорт кешеніндегі құрылыс жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайындағы мұз айдыны желтоқсанда, соңғылардың бірі болып қолданысқа беріледі, деді вице-министр.

Туризм министрлігінің ақпарына қарағанда, қазірдің өзінде 21 мемлекет 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына қатысуға ниет білдірген. Астана мен Алматыға 3,5 мың адам келеді деп күтілуде. Олардың арасында жарысқа қатысушылар, ресми тұлғалар мен қонақтар, техникалық қызметкерлер бар.

Бүгінде Азия ойындарының медальдарының дизайн үлгісі бекітіліп, Елбасының қол қоюына жіберілді.