Шілденің 31-і күні өткен екі команданың кездесуінде Астана қаласының боксшылары алғашқы 4 кездесуді бірінен соң бірі жеңіп, қарсыластарының мысын басқандай болды. 49 килә салмақта Қазақстан чемпионы Ілияс Сүлейменов павлодарлық Жандос Дүйсековті 7:2 есебімен жеңді. Азат Махметов Сұңғат Мұхажановпен (52 килә) өткен жекпе жекте 9:3 есебімен айласын асырса, Астананың намысын қорғап жүрген Қанат Әбутәліпов өзінің қарсыласы Асылбек Оспановқа дес бермеді. Есеп 10:8. Ал 60 килә салмақта елордалық Думан Алимов матчтың көрігін келтірер өнер көрсетті. Ол павлодарлық Фархат Дүйсенбаевті үш рет нокдаунға жіберіп, қарсыласынан басым түсті.
Осыдан кейін Павлодар облысы боксшыларының алғашқы жеңісін Алмадбек Ағыбаевқа қарсы өткізген кездесуде Азамат Смағұлов алып берді.
Елорда атынан шығып жүрген Бақытжан Қожабеков Сергей Скакунды 8:2 есебімен жеңгеннен кейін, қонақтар сапынан Данат Иманбеков Астананың боксшысы Қайрат Ерсұлтановтан басым түсіп, кездесудегі Павлодар құрамасының жеңісіне деген үмітін жандандыра түсті.
Бірақ бұл зор дәмені астаналық боксшы Азамат Белгібаев су сепкендей басты. 81 киләда өнер көрсететін А. Белгібаев Максим Погореловтан басым түсті.
Қалған екі кездесуде Павлодар өрендерінің жеңісі тіркелді. Сергей Гончаров (91 килә) Юрий Задорожныйды бірінші раундта тізе бүктірсе, ең ауыр салмақтағы белдесуде Қазақстан құрамасының бұрынғы боксшысы Дмитрий Готфрид Ермек Үсеновті жеңді.
Матчта ең жақсы техника көрсеткен боксшы Думан Алимов атанды. Дмитрий Готфрид құрамалар жекпе жегіндегі үздік боксшы деп танылды.