Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын бұл байрақты бәсеке биыл ҰОС-ның 65 жылдығына арналып отыр. Біріншілікте жалпы спорттың 6 түрі қамтылған болса, Қазақстан құрамасы соның 5-еуінен бақ сынасты. Олар: суға жүзу, еркін күрес, көпсайыс, кір тасын көтеру және нысана көздеу. Біздің елдің әскерилері футбол командасын апармауы себепті, бұл сайыстарда тек футбол жарысына қатыспады.
«Біздің әскерлер өте жақсы нәтиже көрсетті деп айтуға болады. Бұл сайыстарда біз негізінен боксқа көп үміт артып, бірнеше алтын медальдар жеңіп алуды көздегенбіз. Бірақ, бокс спартакиадаға арнайы спорт түрі болып енгізілмеді. Дегенмен де біздің жігіттер алпауыт командалар арасында жоғары нәтижеге қол жеткізді», деді ҚР Қорғаныс министрлігінің ЦСКА спорт комитетінің бастығы, полковник Ерлан Таласбаев.
Қазақстан құрамасының қоржынына қомақты жүлде салған суға жүзушілер болды. Олар жалпы саны 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте топ жарған.
«Суға жүзу жарысы ең бірінші басталды. Қарсыластарымыз өте күшті болды. Әсіресе, Украина құрамасында әлем чемпиондары болса, Ресей құрамасының сапында әлемдік рекорд жаңартушылар болды. Бірақ олардың тегеурінін басқан біздің спортшы-әскерлер командалық есепте топ жарды», дейді суға жүзуден аға жаттықтырушы, подполковник Елена Гойколова.
Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы 10 алтын, 9 күміс, 5 қола жүлде олжалап, жалпы есепте Ресейден кейін 2-ші орынды иеленді. Ал Украина 3-ші, Беларусь 4-ші, Армения 5-ші болса, соңғы Тәжікстан 6-шы орынға тұрақтады.