«Өздеріңізге мәлім, қысқы Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет Олимпиада Алауы эстафетасы өткізіледі. Алау эстафетасы қаңтардың 11-і күні Азия Олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласында театрландырылған қойылым барысында тұтандырылып, қазақстандық ұйымдастырушы комитет өкілдеріне салтанатты түрде табыс етіледі. Қаңтардың 12-сі күні елімізге жеткізілетін алау, 20 күн бойы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралайды да, қаңтардың 30-ы күні Астанадағы «Астана-Арена» стадионында Ойындардың салтанатты ашылуына жеткізіледі», — деп атап өтті ол.
С.Құранбектің айтуынша, үстіміздегі мамыр айының 28-і күні Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті Шейх Ахмад Әл-Фахд Әл Сабах 7-ші Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасының регламентін, бағыты мен атрибутикасын бекітті. Сондай-ақ бекітілген жоспар қазақстандық ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке ұсынылып, мақұлданды.
«Соңғы анықталған мәліметтер бойынша, алау факелінің салмағы 1 килә 350 грамм шамасында, ал ұзындығы 65-66 сантиметр болады. Оны дайындау олимпиадалық ойындардың атрибутикасын дайындаумен айналысатын қытайлық компанияға тапсырылды. Факел түсті металдардың қоспасынан дайындалады және ол ауа райының барлық жағдайына төзімді болады. Факел Қазақстанға тамыз айының соңында жеткізіледі, қыркүйекте оның тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді С.Құранбек.
Бұған дейін хабарланғандай, факел дизайны Алматы маңында табылған, біздің жыл санауымызға дейінгі І-ІІІ ғ. жататын сақтардың жарықтандырғыш құралы негізінде жасалған.