Бұл туралы бүгін ауыр атлетика бойынша қазақстандық құрама команданы алдағы жарыстарға дайындау мәселесіне арналған кеңесте ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұханбетов мәлім етті.
Кеңес барысында министр, ұлттық құрамалардың спортшылары шет елдерге барып алтын уақыттарын сарп етіп жүргендеріне қарсылығын білдіріп, бұл ретте ауыр атлетшілердің ел ішінде дайындалып, сыртта жетістіктер көрсетіп жүргенін үлгі қылып айтты.
«Мен мұны әрбір кеңес барысында үлгі етіп айтамын. Себебі, сіздер аз саяхаттап, көп жұмыс істейсіздер. Бір-бірлеріңізбен өзара кездесулер өткізесіздер. Қазір балуандарымыз бен боксшыларымыз неге нәтиже бермей қойды дейсіз? Себебі олар жан-жақта жүр. Мысалға Еуропаға бару үшін алты сағат әрі, алты сағат бері уақыт кетеді. Сөйтіп жүріп үш-ақ күн жаттығады. Тынымсыз жаттығумен ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады», — деп атап өтті Т.Досмұханбетов ауыр атлетикадан республика бапкерлеріне қаратып айтқан сөзінде.
Сондай-ақ министр, зілтемірші спортшылардың резервін құруды тапсырды. Ол үшін аймақтардағы жас бапкерлермен семинар-кеңес өткізіп, тәжірибелермен бөлісу қажеттігін айтты. Айта кетейік, қазір барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында ауыр атлетикадан секциялар жұмыс істейді. Ең соңғы мектеп Шымкент қаласында ашылды.
«Бізде зілтеміршілерді дайындайтын үлкен мектеп бар. Егер алдағы олимпиада ойындарында тағы үш медаль алсаңыздар, әлем сіздерге қарап бой түзейтін болады. Сонымен бірге, сіздердің еңбектеріңізбен әзірленген әдістемелікті жоғалтып алмауымыз қажет», — деді ол.