Кеше, тамыздың 10-ы күні Кубок турнирінің алғашқы турында Рига қаласының «Динамо» клубы мен Беларус елінен келген «Динамо» командасы өзара кездесті. Ойын 3:2 есебімен латвиялықтардың жеңісімен аяқталды.
Ал Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы бұрыннан келе жатқан қарсыласы Мәскеу облысының «Атлант» командасымен мұз айдынына шығып, 4:2 есебімен басым түсті.
«Барыс» — «Атлант» кездесуінің алғашқы минуттарында басымдық танытқан елордалық ойыншылар бірінші кезеңнің 4-ші минутында қарсыластарының қақпасына алғашқы шайбаны салды. Гол авторы — Максим Худяков. Екінші кезеңнің 10-шы секундында «Барыстың» жаңа ойыншысы, чехиялық легионер Лукаш Кашпар есепті еселеді.
Дегенмен қарымта сәттердің бірінде «Атлант» ойыншысы Сергей Мозякин ширақтық танытып, есепті 2:1-ге жеткізді. Көп ұзамай «Барыс» ойыншылары Вадим Краснослободцев пен командаға жаңадан қосылған Иржи Новотны бір-бір шайбадан гол салып, таблодағы көрсеткішті 4:1-ге өзгертті.
Ойынның 51-ші минутында «Атлант» командасы астаналықтардың қақпасына қарымта шайба енгізе алды. Голды Збынек Иргл салды.
Бүгін, жарыстың екінші кезеңінде «Барыс» Рига қаласының «Динамо» командасымен кездеседі. Минскілік «Динамо» командасы «Атлант» хоккейшілеріне қарсы ойнайды.