Ашылғанына бір ай болмаған visitkazakhstan.kz ресми туристік порталына қатысты алғашқы үнқатулар мен шағымдар түсе бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ашылғанына бір ай болмаған visitkazakhstan.kz ресми туристік порталына қатысты алғашқы үнқатулар мен шағымдар түсе бастады

Ашылғанына бір ай болмаған visitkazakhstan.kz ресми туристік порталына қатысты алғашқы үнқатулар мен шағымдар түсе бастады

Қазақстанның туристік имиджін нығайту мақсатында үстіміздегі тамыз айының басында ашылған visitkazakhstan.kz ресми туристік порталына қатысты алғашқы үнқатулар мен шағымдар түсе бастады.

  • 31 Тамыз 2010
  • 603
Фото - Caravan.kz

ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтың жеке блогында аталмыш порталдың жұмысына қатысты бірнеше азаматтан келіп түскен шағымдар орналастырылған.

Мәселен, Кироль есімді азамат, visitkazakhstan.kz сайты қазақстандық және шет ел туристеріне ел аумағындағы туристік нысандар, оның ішінде қонақ үйлер туралы ақпарат беруге бағытталғанымен, онда орналастырылған ақпараттардың саны жұмыс істеп тұрған нысандардың ақиқатты санынан әлдеқайда алшақ екендігін айтып, қынжылған.

«Олардың санына қарап, Қазақстанда қонақ үйлер мүлдем жоқ деп ұғынуға болады. Мысалға, Астанада 145-тен астам қонақ үй жұмыс істейді, ал аталмыш сайтта олардың тек 34-і ғана көрсетілген», — дейді ол.

Сауал жолдаушының пікірінше, бұл — қала күніне, алдағы Ақ Азиада мен ЕҚЫҰ Самиттіне келетін қонақтарға Қазақстанда қонақ үйлер саны тапшы екендігі туралы жалған ақпарат таратып, елордамыз бен басқа да қалалардың имиджіне нұқсан келтіреді.

«Салық төлеушілер ретінде біз бірінші көздерден нақты деректерді алуға құқылымыз. Меніңше, сайтта барлық нысандардың аталуы, байланыс телефондары, бөлмелердің жалпы саны қысқаша болса да көрсетілуі тиіс», — дейді.

Министрдің блогына осы мәселе бойынша хат жолдаған тағы бір азамат, аталмыш сайт әкімшілігі қонақ үйлер туралы ақпаратты порталда орналастыру үшін 45-тен 150 мың теңгеге дейін қаражат сұрайтынын айтып: «Ресми портал Туризм және спорт министрлігінің қарамағына және оның тікелей қаржыландырылуына неліктен алынбайды?», деген сауал қойған.

Сұрақтарға жауап қайырған министр, visitkazakhstan.kz мемлекеттік туристік порталының техникалық қамтамасыз етілуіне «Innovation Group» ЖШС жауапты екендігін және кәсіби портал қандай да бір қаржылық қолдаусыз құрылғандығын айтады.

«Порталдың негізгі жұмыстарының бірі — қонақ үйлерден бөлмелерді броньдау. Оған қонақ үйлердің қаржылық қатысуы аса қымбат емес және бұл бағалар республикадағы қонақ үй бизнесі өкілдерін қанағаттандырып отыр. Жылына 40 мың теңгеден басталатын ақпараттық тапсырысты порталға екі-үш рет орналастырса, қонақ үйдің жарнамаға жұмсаған бір жылдық қаражатының орны әсте қайта толады. Келісім шарттарды жасаумен «Innovation Group» ЖШС айналысады», — дейді Т.Досмұхамбетов.

Еске сала кетейік, visitkazakhstan.kz мемлекеттік туристік сайты — Қазақстанды әлемге өзінің теңдесі жоқ туристік мүмкіндіктері бар ел ретінде көрсету сондай-ақ, шетелдіктер мен еліміздің халқына туризм саласының әлі күнге дейін ашылмай жатқан сырларын таныту мақсатында ашылған болатын.

Порталда еліміздің барлық өңірлеріне виртуалды саяхат жасауға мүмкіндік беретін — Қазақстанның интерактивті туристік картасы жасалған. Нақтырақ айтқанда, карта арқылы аймақтардың қонақтарға арналған орындары мен суреттерін, өңір туралы ақпараттар мен мәліметтерді білуге болады. Сонымен бірге, мейманханалар мен мейрамханалардан орындарға, көлік құралдарына билетке тапсырысты үйден шықпастан беруге болады.