Екі күнге созылған бұл жарыста әлемнің 12 елінен келген спортшылар 125 және 95 метрлік тұғырлардан секірді. Бұрынғы кеңестік республикалардың ішінде Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл бәсекеде сайыстың 2 түрі бойынша да биылғы жылы өткен Гран-при кезеңдерінде топ жарған поляк Камил Стохтың мерейі үстем болды. Жарыстың алғашқы күні 125 метрлік тұғырдан секіру кезінде ол сынақ кезінде 137,5 метрге, ал бірінші айналымда — 137 метрге, екінші айналымда 136,5 метрге секірді. Ал кеше 95 метрлік тұғырдан бірінші айналымда — 102,5 метрге, екінші айналымда 103,5 метрлік көрсеткішті бағындырды. Ал оның өзге қарсыластарынан 125 метрлікте Әлем кубогының жеңімпазы чех Якуб Янда екінші, болгариялық Владимир Зографский үшінші орын алған еді. Владимир 95 метрлікте екінші орын алып, Камилдің келесі бір отандасы Лукаш Лутковский өз нәтижесін жақсартып, төртінші орыннан үшінші орынға көтерілді. Бұл бәсекеде қазақстандық спортшылардың арасынан ең жоғары көрсеткішке Радик Жапаров қол жеткізді. Ол 95 метрлікте — алтыншы, 125 метрлікте он екінші орынға ие болды.