«Біздің команданың құрамында әрине, Олимпиада чемпионы Илья Ильин болады. Онымен бірге, грек-рим күресі бойынша Олимпиада ойындарының қола медаль иегері Әсет Мәмбетов, Нұрбақыт Теңізбаев, бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев, ауыр атлетшілер Мария Грабовецкая, Светлана Подобедова, Майя Манеза, шахматшы Дәрмен Сәдуақасов, атқыштар командасының өкілі Ольга Довгунь және көптеген тағы басқа спортшылар бар», — деді ол.
Комитет төрағасы атап көрсеткендей, Қытайдағы байрақты бәсекеде барлығы Олимпиада ойындарының 1 чемпионы мен 7 жүлдегері, Әлем чемпионаттарының 7 чемпионы мен 11 жүлдегері, Азия чемпионаттарының 47 чемпионы мен 76 жүлдегері өнер көрсетеді.
Біздің спорттық делегация құрамының негізін Алматы қаласының (41,6 пайыз), Оңтүстік Қазақстан (12,7), Қарағанды (7,2) облыстарының және Астана қаласының (6,3) спортшылары құрайды.
Еске салайық, Гуанджоуда өткелі отырған құрлықтық ойындар төрт жылда бір ұйымдастырылады және ол «Азия Олимпиада ойындары» деген бейресми атауға ие. Ойындар өз санауын 1951 жылы Дели (Үндістан) қаласында бастаған болатын.
Бүгінгі күні аталмыш жарыстарға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Ұйымдастырушылардың мәліметтеріне сүйенсек, ойындарға Азияның 45 елінен барлығы 12 мыңға жуық спортшы қатысады. Ойындар спорттың 57 түрі бойынша өткізіледі.