«Қазақстан намысын ерлер құрамасынан 10, қыздар құрамасынан 3 боксшы қорғайды. Бұл жолы командаға негізінен жастар жинақталды. Бұлардың алтауы биылғы жылы Қазақстан чемпионы атанғандар. Тәжірибелі боксшылардан Бейжің олимпиадасына қатысқан Біржан Жақыпов пен Серік Сәпиев бар. Жалпы біздің алдымызға 5-6 медаль, оның ішінде 2 алтын алу мақсаты тұр. Боксшылардың барлығы 4-5 халықаралық жарыстарға қатысып, 14-15-тен кездесулер өткізді. Жалпы боксшыларымыздың дайындығы жақсы деңгейде, барлығы медаль үшін жұдырықтасуға дайын. Алдағы додада 64, 69, 91 келі салмақтардан алтын күтеміз»,- деді М.Айтжанов.
Естеріңізге сала кетейік XVI жазғы Азия ойындары Қытайдың Гуаңжоу қаласында 12-27 қараша аралығында өтеді. Өз тарихында рекордтық көрсеткіш көрсетіп, 10 мың спортшы қатысады деп болжанған ойындар барысында спорттың 42 түрі бойынша 473 комплект медаль сарапқа салынады. Ойындарда Қазақстан намысын 363 спортшы қорғайды. Оның 13-і боксшылар. Бұлардың қатарында 49 келіде Біржан Жақыпов, 52 келіде Мирас Жақыпов, 56 келіде Данияр Төлегенов, 60 келіде Самат Башенов, 64 келіде Данияр Елеусінов, 69 келіде Серік Сәпиев, 75 келіде Данабек Сужанов, 81 келіде Алмат Серимов, 91 келіде Василий Левит, 91 келіден жоғары Иван Дычко, қыздар құрамасынан 51 келіде Жайна Шекербекова, 60 келіде Саида Хасенова, 75 келіде Марина Вольнова бар.