Шетелден легионерлерді сатып алғаннан гөрі, өз спортшыларымызды дайындап шығарған жөн - А.Бұлашев - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шетелден легионерлерді сатып алғаннан гөрі, өз спортшыларымызды дайындап шығарған жөн - А.Бұлашев

Шетелден легионерлерді сатып алғаннан гөрі, өз спортшыларымызды дайындап шығарған жөн - А.Бұлашев

Шетелден легионерлерді сатып алғаннан гөрі, өз спортшыларымызды дайындап шығарған жөн. Бұл пікірін бүгін, елорданың 2011-2013 жылдарға арналған бюджетінің жобасы қарастырылған Астана қаласы мәслихатының сессиясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, мәслихат депутаты Айтбай Бұлашев білдірді.

  • 13 Желтоқсан 2010
  • 547
Фото - Caravan.kz

А.Бұлашев, депутаттар алдында республикалық, әлемдік деңгейде нәтижелі жетістіктер көрсетіп жүрген спортшыларымызды жеке жаттықтыру залдарының жоқтығы қатты қынжылтатынын айта келе: «Еліміздің болашағы — жастарды, салауатты өмірге нәтижелі түрде баулып жатқан спорт мектептеріне жаттығу нысандарын салуға қажетті қаржыны тауып берсек, сайлаушыларымыздың өзекті тағы бір аманатын орындаған болар едік», дегенді айтты.

«Жуырда Назарбаев университетінің» студенттері мен оқытушыларының алдында дәріс оқыған Елбасы Н.Назарбаев, белсенді, бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасу үшін ең бірінші — денсаулық керектігін айтып, жастарды спортпен шұғылдануға шақырған еді. Қаламыздың оқу орындарында спорттың әр түріне бейімі бар жастар аз емес. Олардың арасынан дарынды жастарды іріктеп алып, спортпен айналысуға жағдай жасасақ, ертең-ақ олардан Астананың, тіпті еліміздің мерейі мен беделін асқақтатын спортшылар шығатынына кәміл сенемін», — деді А.Бұлашев.

Осы ретте А.Бұлашев, өзі басқарып отырған ЖОО-дан шыққан спортшыларды мысалға келтірді. Мәселен, басым бөлігі С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенттерінен құралған елорданың — «Астана жолбарыстары» баскетболдан ерлер және әйелдер командалары бірнеше жыл қатарынан Қазақстанның чемпиондары атанып келеді. Өздерінің жаттығу залдарының жоқтығынан және «Қазақстан», «Алатау», «Каспий» сынды спорт кешендерінің жалға беру бағалары тым жоғары болғандықтан команда, жылда арзан залдарды іздестіріп әлек, таппаған жағдайда университеттің спорт залында дайындалады. Ал биыл «жолбарыстар» чемпионат ойындарының аясында қонақтарын тіпті Көкшетау қаласында қабылдауға мәжбүр болды.

Қазақстан атын әлемге әйгілеп жүрген аталмыш оқу орны студенттерінің арасында сондай-ақ, Гуанджоудағы Жазғы Азия ойындарының чемпионы, былғары қолғап шебері Данияр Елеусінов, «Астана арландарындағы» Мерей Ақшалов және басқалар бар.

А.Бұлашев атап көрсеткендей, бүгінгі күні қалалық бюджеттен қаражат олардың іссапарлары мен жаттықтырушыларының еңбекақысына ғана бөлініп отыр. Алдағы уақытта оларға өз меншігіндегі жеке спорт кешенін салып беру мәселесін қарастырған дұрыс. Мысалға, бас қалада үлкен теннис ғимараты пайдалануға берілгелі, осы спорттың жастардың арасында беделі артып, танымдылығы өсті. Сәйкесінше, нәтижелер де бола бастады.

«Меніңше, бүгінгі күні спортта өз шеберлерімізді даярлағанша, шетелден легионерлерді сатып алған жеңіл деген ұстаным қалыптасқан сияқты. Расында да, спорт мектептерінде өзіндік базалар болмаса, дарынды жастарды қалайша анықтап, қалайша тәрбиелеп шықпақпыз? Алдағы уақытта бюджетті нақтылау кезінде астананың бренді бола алатын спорт түрлерін іріктеп алып, солардың материалдық базасының нығаюына қаржы қарастырсақ құба-құп болар еді», деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, Астана қаласының алдағы үш жылдық бюджетінің жобасы 565 млрд. 727 млн. теңге көлемінде бекітілді. Соның 218 млрд. 591 млн. теңгесі 2011 жылға қарастырылған. Соның ішінде 3 млрд. 477 млн. теңгесі — туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына бағытталады.

Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера