2011 жылғы Азиаданың шымылдығын салтанатты жағдайда ашу ресейлік композитор Игорь Крутойдың жетекшілігіндегі продюсерлік орталыққа тапсырылды.
Осы күндері Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ойындарға дайындық жөніндегі ұйымдастыру комитетімен тұрақты түрде кеңестер өткізіп келеді. Солардың бірінде қала басшысы: «Азиаданың ашылу салтанаты Ойындардың спорттық бағдарламасы сияқты еліміздің және шет елдік бұқара халық үшін аса маңызды. Бүгінгі күні жеке-жеке кезеңдер бойынша дайындықтар аяқталды. «Астана-Арена» стадионында құрылғыларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. 12 қаңтардан бастап нақты іс-қимылдар форматындағы дайындықтарды бастаймыз», — деп атап өтті.
Осы ретте И.Тасмағамбетов дайындықтар кезінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесін жіті ойластыруды қатаң тапсырды. Соның ішінде әуесқойлық бейне жазылымдардың алдын алу үшін дайындықтар барысында ұялы телефондармен қолдануға тыйым салынатын болады.
«Мұнда ақпараттың жайылып кетуіне жол бермеуіміз тиіс. Қызығушылықты соңғы сәттерге дейін сақтауымыз қажет», — деді ол.
Еске салайық, Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы ағымдағы жылдың 30 қаңтарында «Астана-Арена» стадионында өтеді. Ұйымдастырушылар салтанатты рәсім Тәуелсіз Қазақстан мен Азия ойындарының тарихындағы ең үлкен мерекелік бағдарлама болады деп уәде етуде. Шараға республика басшылығы, достастық елдердің басшылары, Халықаралық Олимпиада комитеті мен Азия Олимпиадалық кеңесінің президенттері және көптеген басқа да қадірлі меймандар қатысады.