«7-Қысқы Азия ойындарын ұйымдастырған адамдар мен еріктілерге өз алғысымды білдірем. Қазақстан оны табысты өткізу үшін барлық күш-жігерін сала алды. Бұл өте маңызды. Өйткені барлық спорт нысандары ел үшін жақсы инвестиция бола алады», -дейді шейх Ахмад әл-Фахд ас-Сабах.
Азия Олимпиадалық кеңесі президентінің айтуынша, бұл жарыстың әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс кезінде өтіп жатқанын да ерекше атап өтуге болады. 7-Қысқы Азия ойындары бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында қазір бүкіл әлемге таралып отыр. Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге мырза да Қазақстанның 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын қабылдауға мүмкіндігі мол екенін айтты. Қазақстан оған 7-Қысқы Азия ойындарына салынған спорт нысандарының арқасында қол жеткізіп отыр.