Алматыда өткен жарыс қорытындысы бойынша Астана қаласаның боксшылары жалпы есепте бірінші орынды иеленді.
Елордалықтардың еншісінде 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль бар. 2 алтын және 3 қола медальға ие болған Жамбыл облысының боксшылары екінші орынға жайғасты. Ал үшінші орынға Қостанай облысының спортшылары ие болды, олардың қанжығасы 1 алтын және 2 қола жүлдемен майланды.
Ал ОҚО бір жыл бұрынғы сәтсіздікті қайталап, бірде бір алтынды иелене алмады. Құрама 3 күміс, 1 қола жеңіп алды.
Бұл жолғы чемпионатта Данияр Елеусінов, Рустам Сыбаев, Василий Левит және Иван Дычко өздерінің жоғары деңгейдегі спортшылар екендіктерін тағы бір дәлелдеді. Данабек Сужанов, Әли Байбозов, Мәди Шолақов және Айдар Әмірзақов (Әмірзақовтың ақтық сындағы жеңілісіне қарамастан) ел ішіндегі беделдерін нығайтты. Ғани Жайлауов та Қазақстанның мықты боксшысы атанды. Ал бірінші кездесуде оқыстан жеңіліс тапқан Біржан Жақыпов әлі де болса дайындалу қажеттігін ұғынғандай.
Додадағы жаңа есімдерге келетін болсақ, бокс сарапшыларының айтуынша, бұрындары аттары белгісіз Азамат Исақұлов (49 кг) және Арман Рысбек (81 кг) сынды спортшылардың биік тұғырдан көрінуі республика біріншілігінің ең басты оқиғасы болып отыр.