Олимпиада БҰҰ Балалар қоры, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, «Қазақстандағы Конако Филиппс» пен Қазақстанның Ұлттық банкінің қолдауымен өткізілгелі отыр.
Оған республиканың 12 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан сондай-ақ, Ресейден зияткерлік мүмкіндіктері шектеулі спортшылар қатысады. Коньки, шаңғы және флорболдан өтетін турнирлерге алғашқы рет 250 атлетші қатысатын болады. Жарыстар Республикалық велотректе, «Алау» шаңғы стадионында өтеді.
Өз кезегінде «Думан» ойын-сауық кешені қатысушыларға көңілді бағдарламалар ұсынатын болады. Сондай-ақ Олимпиада шеңберінде Республикалық балаларды оңалту орталығында «Дені сау атлет» бағдарламасы ұйымдастырылып, балаларға тегін медициналық тексерулер жүргізілетін болады.
Олимпиадаға Еуропалық-Еуразиялық аймақтағы Спешиал Олимпикс кеңсесінің өкілдері арнайы келді.
Бүгінгі күні 3,5 млн.-нан астам арнайы спортшы олимпиадалық ойындардың 33 түрі бойынша әлемнің 170 елінде жаттығып, жарыстарға қатысуда. Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар 153 000 бала өмір сүреді. Спешиал Олимпикс қозғалысы солардың 15 мыңына спорттың 18 түрі бойынша айналысуға мүмкіндік беріп отыр. 1991 жылдан бастап Қазақстанның құрама командалары Еуропалық және 10 әртүрлі Бүкілдүниежүзілік арнайы олимпиадалық ойындарға қатысып келеді.