Бұл туралы бүгін Азия Ойындарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында AWAGOC ресми халықаралық телетаратылымның «Rocket Media Communications» компаниясының бас директоры Майкл Грабнер мәлім етті.
«Бізге Қазақстанда жұмыс істеу өте қызықты болды. Қазақстан әлемге әлі де етене таныс болмағандықтан, оны әр қырынан ашып көрсетуіміз керек болды. Қазақстан тарихы тереңде жатқан демократиялық, әлеуеті жоғары жас мемлекет. Біздің пікірімізше, Азия ойындары — Қазақстанға өзінің заманауи келбетін бүкіл әлемге паш етудің мүмкіндігі болды. Сондықтан біз бұл жобаға бар күш-жігерімізді салдық. Ойындарды жоғары деңгейде ақпараттандыру үшін тіпті, әлемнің әртүрлі елдерінен қосымша қызметкерлерді жұмылдырдық», — деді М.Грабнер.
М.Грабнер атап көрсеткендей, 7-қысқы Азия ойындары басталмай тұрып, елдің Ойындарға дайындық барысы туралы деректі фильм түсірді. Фильм Қазақстанның орналасқан жері, оның алып жатқан аумағы мен әлеуеті турасында мол деректерді қамтыды. Фильмнің көрсетіліміне әлемдік жетекші телеканалдардан өтінімдер көптеп түсті. Соның ішінде Euronews бар. Euronews 5 минуттық фильмді өз арнасында үстіміздегі жылғы ақпанның 2-8 аралығында 24 рет көрсетті.
Онымен бірге, «Rocket Media Communications» компаниясы Ойындар барысында халықаралық телеарналар үшін күн сайын сюжеттер әзірлеп, жіберіп отырды. Ал Ақ Азиада аяқталғаннан кейін 26 минуттық қорытынды деректі фильм жасады.
«Түсірілген деректі фильмдер 10 тілге аударылып, 182 елдің орталық телеарналарында көрсетілді. Жалпы әлем бойынша 7-қысқы Азия ойындары туралы көрсетілген сюжеттердің барлық эфирлік уақыты 1 мың 676 сағатты құрады. Оларды кем дегенде 1,3 млрд. телекөрермен тамашалады. Ойындар жалпы алғанда 541 арнада көрсетілді», — деп түйіндеді сөзін компанияның бас директоры.
Айта кетейік, австриялық «Rocket Media Communications» компаниясы Еуропадағы ірі медиа-компаниялардың бірі болып табылады.