Бірден айту керек, ойын аса тартысты өтті. Алғашқы екі партияда «Есіл» жеңіске жетіп, 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен бұдан кейін намысқа тырысқан алаң иелері үш бірдей партияны ұтып, ақыры петропавлдықтарды 3:2 есебімен тізе бүктірді. Бұл — «Конденсаттың» осы турдағы екінші жеңісі. Ал ел чемпионы «Алматы» Өскеменнің «ШығысҚорғасынҚұрылыс» командасынан 1:3 есебімен ұтылды. Бұл — «Алматының» екінші жеңілісі. Бұл командалардың ойын деңгейі теңесе бастағанын көрсетеді. Ал «ТНК Казхром» (Хромтау) «Атырауды» 3:1 есебімен ұтып, осымен үшінші жеңісіне қол жеткізді. Сөйтіп олар Оралда әзірге жеңіліс дәмін татқан жоқ.
Командалар 11 наурыз күні демалып, 12, 13 наурыз күндері қорытынды ойындарын өткізеді. Бұл күндері оралдықтар «Атырау» және «Алматы» командаларымен шеберлік байқасады.