ҚазАқпарат төрт салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанғандарды бұған дейін хабарлаған болатын. Кеше қалған салмақтарда үздіктер белгілі болды. Атап айтқанда, 60 келіде жұрт күткендегідей, финалда халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, астаналық Алмат Кебіспаев пен Алматы облысының намысын қорғаған Нұрбақыт Теңізбаев белдесті. Бұл бәсекеде Алмат жеңіске жетті. Батысқазақстандық жас балуан Жасұлан Мақсұтов пен тағы бір халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шығысқазақстандық Ербол Қоңыратов қола жүлдені еншіледі. 74 келіде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қостанайлық Мақсат Ережеповтың мерейі үстем болса, Алматы облысының өкілі Асхат Ділмұханбетов — екінші, ақтөбелік Әсет Әділов пен солтүстікқазақстандық белгілі балуан Роман Мелешин үшінші орынды қанағат тұтты. 96 келіде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Алматы облысынан Марғұлан Әсембеков мықтылығын тағы да мойындатты. Алматылық Жасұлан Садықов — күміс, шығысқазақстандық Серікжан Әлібаев пен қостанайлық Ника Твалабеишвили қола жүлдені иеленді.