«Бүкіләлемдік бокс сериясының ақтық сайысына былғары қолғап шеберлерінің бәрі үлкен дайындықпен келіп отыр. Бақ шаба ма, бап шаба ма, дегендей, енді бәрі шаршы алаңдағы жекпе-жекте белгілі болады. Командаластарымның бәріне сәттілік жолдас болсын деп тілеймін», — дейді Бақыт Сәрсекбаев. Ол қазіргі таңда Бүкіләлемдік бокс сериясындағы сайыста өнер көрсетіп жүрген жалғыз Олимпиада чемпионы болып отыр. «Астана арландары» клубының белді мүшесі бұған дейін Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы ұйымдастырған бұл дүбірлі бәсекеде 6 рет жекпе-жекке шығып, екеуінде белгілі себептермен жеңіліс тапқан еді Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері ертең «Париж юнайтед» командасымен болатын ақтық сында Мишел Тавереспен қолғап түйістіретін болады.