Қашықтығы 159 шақырым болатын Термоли мен Терамо қалалары арасында өткен кезең жазық трассада болғандықтан рейтингтегі үлкен өзгерістерге алып келген жоқ. Жалпы есеп бойынша, жарыстағы ең үздік уақыт әлі де болса Saxo Bank Sungard командасының намысын қорғап жүрген Альберто Контадордың еншісінде.
Мәре сызығына бірер шақырым қалғанда Марк Кавендиш, Алессандро Петтакки мен Франциско Вентосо алға суырылып шықты. Дегенмен жеңісті британдық іліп әкетті.
Бүгін, 18 мамырда болатын 11-кезең Торторето мен Кастельфидардо қалалары арасында өтеді. Оның қашықтығы 142 шақырымды құрайды.