Жарияланды: 160

Наурыз мерекесін тойлау дінімізде харам ба?

Наурыз мерекесін тойлау дінімізде харам ба?

Наурыз мерекесін тойлау дінімізде харам ба?

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы islam.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Наурыз мейрамы, бәріне белгілі болғандай, түбі сонау парсыларға барып тіреледі. Ислам діні келмей тұрып отқа табынушы парсы халқы Наурыз мейрамын жаңа жыл ретінде құттықтайтын. Кейінірек Иран жеріне мұсылмандар аяқ басқаннан соң аталмыш үрдіс мұсылмандардың арасына жайыла бастады. Тіпті, Умеяттардың халифалығы кезеңінде аса қаніпезерлігімен таңылған Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи тарапынан бұл мейрам кейбір өлкелерде ресми түрде бекітілсе, шиизмді дәріптейтін Фатимиттердің дәуірінде мұсылмандар мекендейтін аймақтарда тойлана бастаған. Аббаси халифасы Мүтәуәккил Алалланың наурыз мейрамын жақсы көргендігі тарих кітаптарында айтылады.

Түркі тілдес халықтарында 21-22 Наурыз мейрамы б.з.д. 8 ғасырдан бері жаңа жыл мерекесі ретінде тойланып келеді.

Әйткенмен, өзіңіз айтпақшы, аталмыш мейрамға үзілді кесілді қарсы шыққан беделді дін ғұламалары болмады емес, болды.  Арасында Ханафи ғалымдары да бар-тын. Бірақ, олардың бұл тыйымдарын мәжуси сеніміне сүйенетін, зардұштылық діни рәсімдері орын алған наурыз мейрамына қатысты деп алуға болады. Өйткені, кейінірек Ханафи ғалымдары арасында аталмыш мейрамға оң қабақ танытқандар шықты. Солардың бірі 15-16 ғасырда өмір кешкен, «Шейхуль Ислам» атағын алған Ханафи ғұламасы Мұхаммед Әбу Сууд Эфенди (м.1490-1574 ж.) еді. Деректерге сүйенсек, Шейхуль Ислам Әбу Суудқа (р.а.) мынадай пәтуа тиесі етіледі. Ескі Осман тілімен жазылған бұл сұрақ-жауап күйіндегі пәтуада былай делінген:

«Mesele Nevruz gününde zeyd-і müsellem eyü libaslarını giyüp yiyüp içse, yaranlarıyla sahrâya gitse, ism lâzım gelür mi? Cevap: Nesne lâzım gelmez. Nevruz Mecûsî degüldür. Nevruz sultânî (örfte var olan bir âdet) dir”. 

«С.: Наурыз күнінде әсем киімдерін киім, жеп-ішсе, жолдастарымен бірге қырға шықса, күнә жазыла ма? Ж.: Еш нәрсе болмайды (күнә жазылмайды). Наурыз – мәжуси әдеті емес. Наурыз – сұлтанидүр (халықтың әдет-ғұрыпында бар нәрсе немесе ресми статусы бар мейрам –ауд.)»[1],[2].

Мұсылман қазақ ұлты да көнеден бері Наурыз мейрамын тойлап келгендігі мәлім. Және де қазақта ол - діни бояуын жоғалтып, отқа табынатын зардұштылық дінінің элементтерінен ада, халық арасында тек дәстүр ретінде таңылған мейрам ретінде қалыптасқан. Фиқһта "Харам үкімін тудырған себептің жойылуы - үкімнің де жойылуына алып келеді» дейтін қағида бар.

Шариғатта екі мейрам бар: Ораза айт пен Құрбан айт мейрамдары. 22 наурыз мейрамы діни мейрам емес. Бірақ, қазақ салт-дәстүрінде ерекше орны бар құбылыс. Шариғат дінге теріс келмейтін дәстүрлерге рұқсат еткен.

Сондықтан да, оттан секіру, отқа тәу ету т.б. осы секілді дінімізге жат зардұштылық (зороастризм) әдеттер мен ішімдік ішу сияқты харам істер орын алмайтын болса, наурыз мейрамын атап өтуді харам деуге болмайды. 

Абдусамат Қасым
 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін