"Сөнбейтін от" деректі повесі мен «Майдангер көзiмен» атты қайта басып шығарылған өлеңдер жинағының тұсаукесері өтеді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Сөнбейтін от" деректі повесі мен «Майдангер көзiмен» атты қайта басып шығарылған өлеңдер жинағының тұсаукесері өтеді

"Сөнбейтін от" деректі повесі мен «Майдангер көзiмен» атты қайта басып шығарылған өлеңдер жинағының тұсаукесері өтеді

1941 жылдың жиырма екінші маусымы – біздің тарихымыздағы ең қайғылы күн, Ұлы Отан соғысының басталған уақыты. Бұл күн қан майданда қаза тапқандар мен фашистерден еріксіз қорлық көргендерді, тылда еңбек етіп аштықтан қырылғандарды еске салады.

  • 20 Маусым 2011
  • 3143
Фото - Caravan.kz

Әрбір өткен жыл бізді Ұлы Отан соғысының алғашқы күндеріндегі оқиғалардан алыстатуда. Көптеген соғыста жеңіске жеткен жауынгерлер өмірден озып, жыл сайын майданға қатысқан сарбаздардың саны азайып, қара тізім ұзарып барады. Сол сұрапыл соғыс заманын көзімен көрген куәгерлермен бірге тарихтың маңызды егжей-тегжейлі естеліктері де жоғалып бара жатқан сыңайлы. Сондықтан, біз соғыс туралы бәрін білеміз бе, Жеңістің шын бағасын түсінеміз бе және келер ұрпаққа жеңіс туралы ұғымды сақтап қала аламызба? — деген көкейкесті сұрақтар туындайды.

Ардагерлердің өткен күндердегі еңбектерін еске алуы — тарихта баға жетпес ерлік жасағандарының айғағы.
21 маусым күні, сағат 11:00-де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қорында Ұлы Отан соғысының ардагерлері: Нұрым Сыдықовтың «Сөнбейтін от» деректі повесті мен Сағынғали Сейітовтың «Майдангер көзiмен» атты қайта басып шығарылған өлеңдер жинағының тұсаукесері өтеді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің кітаптарын шығару Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының қаржылай қолдауымен мүмкін болып отыр. Бұл Отанды қорғап қалған ардагерлерге құрмет пен ризашылықтың бір белгісі.
Белгілі жазушы және драматург Баққожа Мұқайдың әдеби өңдеуінен өткен Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрым Сыдықовтың «Сөнбейтін от» кітабында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы басталған кезеңдегі жалпыға таныс оқиға — Брест бекінісін қорғаушылардың ерліктері туралы қалам тербелген.
Автор Ұлы Отан соғысының басталуын, майданда бастан кешкен оқиғаларын ашық суреттейді.
Өкінішке орай, 1941 жылы Брест гарнизонында қызмет еткен үш мың қазақстандық-майдангерден 60 адам ғана тірі қалды. Бекініс қорғаушыларының қатарындағы 190 қазақстандық халық үшін кек алушыларға айналды. Олар жасақтар құрып, белсенділікпен партизан қозғалыстарына қатысты. Солардың бірі Белоруссиядағы партизан жасағы командирінің орынбасары — Нұрым Сыдықов.

Сағынғали Сейітовтың «Майдангер көзiмен» атты өлеңдер жинағы халықтың ұлы ерлігіне, ауыр сынақтардан өткен совет солдатының табандылығына арналған.
Сағынғали Сейітов – қазақ ақыны, әдебиеттанушы, сыншы. 1941 жылдан 1947 жылдар аралығында қан майданда сұрапыл соғыс туралы қалам тербеген ақын. Ол небәрі жиырма төрт жасында соғыста жүріп ақындығымен танылды. Сағынғали Сейітов көбіне Отанды қорғау, ерлік, жауынгерлік борыш тақырыптарына тоқталады. «Окопта», «Биіктік», «Кейін қарай бір қадам да емес», «Днепровскі суы», «Харьков», «Сапердің Пинскі батпақтары туралы ойы» және тағы басқа майдан өмірі, қиын да қазалы соғыс күндері туралы жазған.
Қойын дәптер мен автоматты асынып, ол Еуропаның барлық жерін жауынгерлік жолмен жүріп өтіп, Берлин қабырғасында аяқтады.
Іс-шараға соғыс ардагерлері, редакциялық топ, қоғамдық ұйым өкілдері және тағы басқалар қатысады.
Іс-шараның басты мақсаты – Жеңіс күнін жақындатқан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет пен ризашылық білдіру және қоғамның назарын жастарды рухани-адамгершілік, отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесіне аудару, ардагерлерге деген құрмет пен қамқорлық – ұрпақтар байланысының берік негізі.
Кітаптар республика кітапханалары мен жалпы білім беру мектептеріне, өлкетану мұражайларына, ардагерлік, қоғамдық ұйымдарға тарту етіледі.
Өтетін орны: Алматы қаласы, Махатма Ганди көшесі, 10, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры.
Қосымша ақпараттарды мына байланыс телефондары арқылы алуға болады:
(727) 270-05-27, 270-04-17, моб. 8-701-418-1599, Гульнара Ершиманова.

Соңғы жаңалықтар