Ақтөбеде сынақты сатқан Әкімгерей Көшербаев әйелімен бірге сотталды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбеде сынақты сатқан Әкімгерей Көшербаев әйелімен бірге сотталды

Ақтөбеде сынақты сатқан Әкімгерей Көшербаев әйелімен бірге сотталды

Ақтөбеде облыстық білім саласын бақылау департаментінің бұрынғы басшысы сотталды.

  • 8 Қараша 2016
  • 632
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы КТК хабарлайды.

Әкімгерей Көшербаев аймақтағы мектеп директорларынан аттестациядан өткізуге ақша алған. Енді осы қылмысы үшін 3 жыл түрмеде отыратын болды. Сондай-ақ, шенеуніктің әйелі де жаза арқалады. Ол да күйеуінің лауазымына сеніп, әріптесінен пара сұрапты.

Әкімгерей Көшербаевтың есімі ақтөбеліктерге жақсы таныс. Кезінде білім басқармасын басқарып, қала әкімінің орынбасары да болды. Кейін балабақша мен мектептерді тексеретін департамент құрылғанда, жаңа мекеменің тізгінін ұстады. Осы қызметінде жүргенде алаяқтық жолмен ақша алды деп айыпталған оны сот бүгін үш жылға бас бостандығынан айырды.

-Әкімгерей Көшербаевты 3  жылға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкі тәркіленсін. Өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынсын. Жәбірленушілерден алған ақша қайтарылып берілсін, дейді Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы Теміржан Алданов.

Тергеу мәліметі бойынша, Әкімгерей Көшербаев облыстағы мектептер мен балабақшаларды аттестациядан өткізіп, оң бағалау үшін қол астындағылардан ақша алып отырған. Шенеунік күйеуінен әйелі де қалыспапты. Қаладағы мектептердің бірінде директор болып істеген жұбайы Сағадат Сырбаева әріптестерінің біріне сынақтан сүрінбейсің деп уәде етіпті. Ол қызметін 500 мыңға бағалаған. Енді осы қылығы үшін бір жыл бойына тәртіп сақшыларының бақылауында болады. Әйтсе де, бұрынғы шенеунікке қоғамдық қорғаушы болған туысы ерлі-зайыптылардың қылмысқа барғанына сенбейді.


-Қарсы шығамыз. Ақтап аламын мен бәрібір. Сенімдімін. Себебі екеуінің де кінәсі жоқ. Айтады ауызбен бердік, қойдық дейді. Біреуінің де іс жүзінде дәлелі жоқ, — дейді Ә.Көшербаевтың әпкесі Гауһар Сейсенбаева.

Мектеп директорлары үшін мемлекеттік аттестация бес жылда бір рет өтеді. Осынау сынақтан сүрінбеу үшін басым бөлігі тексеруге келгендердің сұрағанын беруге әзір. Сондықтан судья үкімнен бөлек білім басқармасына қатысты қосымша қаулы қабылдады. Онда аттестациядан ақшамен құтылатын мектеп директорлары туралы айтылған.

Соңғы жаңалықтар