Шымкенттіктер мерекені өрік пен шие көшеттерін отырғызудан бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 439.43
  • 473.31
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
8 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкенттіктер мерекені өрік пен шие көшеттерін отырғызудан бастады

Шымкенттіктер мерекені өрік пен шие көшеттерін отырғызудан бастады

Наурыз – жыл басы! Көктемнің алғашқы күні шымкенттік құтқарушылар бірнеше түп жеміс ағаштарын отырғызды. «Жасыл желек» акциясына  ардагерлер мен оқушылар да қатысты. Жалпы мұндай шара облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты 48-құрылымның барлығында жалғасын тауып жатыр. Шымкенттегі сынап бағанасы +15 градусты көрсетіп тұр. Түске қарай бұдан да жоғары болуы мүмкін. Әдетте бұл уақытта қалың қардың көбесі сөгіліп, төтеншеліктер қарғын сумен арпалысып жататын. Ал биыл оңтүстікте қыс жайлы болып, көктем ерте шықты. Қолайлы сәтті тиімді пайдаланып қалуды ұйғарған құтқарушылар ерте гүлдеп, тез жеміс беретін өрік пен шие көшетін отырғызып, айналаны тазалаудан бастады. Бірі тал егіп, аула сыпырса, енді бірі темір тұлпарларын майлап, қандай жағдай болса да қауіптің алдын алуға сақадай-сай екендіктерін көрсетті. Тіпті ардагерлерге алғыс айтуды да ұмытқан жоқ. Аталары мен ағаларына су тасып, көмектескен оқушылар наурыздың алғашқы күніне  арнап флешмоб ұйымдастырды. Құтқарушылар өз кезегінде шәкірттерге құтқару қызметінің қаншалықты маңызды екенін айтып берді.

  • 1 Наурыз 2016
  • 507
Фото - Caravan.kz


Нұрболат Дербісов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

— Бүгінгі күннің  бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, көктемнің алғашқы күні. Екіншіден,Алғыс айту күні. Бұл еліміздегі татулық пен ел бірлігін жаңа деңгейге көтеретін ерекше мереке. Ең бастысы – Азаматтық қорғаныс күні. Сондықтан бірнеше мейрамды біріктіріп, осылайша, Табиғат-анаға үлес қосқымыз келді. Дәл осындай игі шара департаментке қарасты барлық аудан-қалалардағы тіпті ауылдағы бөлімшелерімізде жалғасып жатыр. Оған қоса, биыл ауа райы қолайлы болды. Сондықтан өңірімізде әзірге табиғаттан төнер қауіп жоқ. Дәл осындай тазалық жұмыстары мен ағаш отырғызу өңіріміздің барлық аудан-қалаларында жалғасын тауып жатыр. Шымкенттің маңындағы жасыл аймаққа ағаш, ал көше бойына қызылды-жасылды көздің жауын алатын гүлдер егіліп жатыр. Бұл шырайлы қаламыздың көркін ашып қана қоймай, көпшіліктің таза ауамен тыныстауына да мүмкіндік бермек.

Соңғы жаңалықтар