Жарияланды: 1 3096

Тұңғышбай Жаманқұлов өзіне қалай жала жабылып, оны қалай мойындатқаны туралы айтып берді

Тұңғышбай Жаманқұлов өзіне қалай жала жабылып, оны қалай мойындатқаны туралы айтып берді Сурет - tengrinews.kz

Алматыда фильмге бөлінген 79 миллион теңгенің 69 миллионын жымқырды деп айыпталған белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты сот ісі жалғасып жатыр. Сотта ол кінәсін мойындаған жоқ. 

Актер бұл жөнінде Akjunis.kz сайтына берген сұхбатында да айтты. Caravan.kz медиа-порталы көлемді сұхбаттың бірінші бөлігінен үзінді жариялаған болатын. Енді оның "Күлден қайта тірілер…" деп аталатын екінші бөлігінен де үзіндіні оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

- ...Сентябрьде ме екен, Астананың «сен тұр, мен атайын» жігіттері келді де, қатты тексеру басталды. Тапсырыс алғаны белгілі. «Өлсеңдер де табасыңдар!» деген болу керек…

Кино саласында, тек кино саласы емес, барлық салада – қазір нарық заманы – біреу тауарын бір сомға сатса, біреу екі сомға сатады. Біреу жұмысты 1 млн-ға жасаса, енді біреу 2 млн-ға жасайды. Болмаса 1,5 млн-ға келіседі деген сияқты. Бірақ, пәле іздеген адамға түк емес екен. «Сен неге 1,5 млн-ға келістің? Жарты миллионын апарып берген шығарсың?..» деген сияқты негізсіз, дәлелсіз жала жабу, қинау, қорқыту басталғанын мен анық білем! Сөйтіп, алғашқы тексеру кезінде, «шамамен 5 млн-дай ақша дұрыс жұмсалмаған» деген қорытынды шығарып, оны Юдинаға мойындаттырып, оған «Тұңғышбай ағаға әкеп бердім, оны Тұңғышбай аға жоғарыда біреуге беру керек деген» деп айтқыздырып, «біз бір рет 2 млн., бір рет тағы бірдеңе, жалпы алғанда 5 млн 300 мыңды Тұңғышбай ағаның мына жағында тұратын кабинеттегі сейфке апарып қойдық» деген мойындатуды менің бухгалтерім екеуіне қағазға жаздырып, айтқызды. Астанадан келген қаржы полициясының адамдары осындай мойындауды жазып алады.

– Бухгалтеріңізді аты-жөні кім?

– Назгүл Болатовқызы Жүнісова. Мен сол октябрьдің аяғында бір сұралдым, жағдайдың бәрін айттым, «осындай да осындай» деп.

– Екі әйел сол кезде тергеуде жүрді ме? Қамап тастады ма оларды?

– Тергеуде жүрді. Кейінірек Юдинаны қамап тастады, сонан кейін «Қазақфильмнің» қаржы департаментінің басшысы болып істеген кезінде – Ысқақова Гауһар Мырзағалиевна деген кісіні қамап тастады.

– Оны не үшін?

– Ол кісінің ешқандай жазығы жоқ. Мен түсінбедім. Яғни, бұл жерде полицияның жасап отырған қисындары – біз «Қазақфильммен» 50/50-міз ғой, яғни «екеуі бірдей кінәлі, екі жақтың да адамы отыру керек» деген ұғым болар, ол кісіні қамап қойды. Ол кісіге «неге сен отчетқа қол қойдың?» дейді. Неге қол қоймайды? Отчетты сол кісі қабылдап алады ғой. Ол кісі қабылдап алардың алдында бухгалтерия тексереді, өндіріс бөлімі тексереді, экономикалық бөлім тексереді, сонан кейін барып ол кісі соңында қол қояды.

– Заң бөлімі де тексеретін шығар?

– Заң бөлімі де тексеретін болу керек, мен ол жағын білмеймін. Сөйтіп, «сен қол қойдың» деп ол кісіні қамады. Ол әлі де қамауда қазір… Қарашаның 2-сі күні мені тағы шақырды финполға. Ол менің екінші рет түсініктеме беруім (показания). Кешке дейін отырғызды. Қолымды тексерді, қол қойдырды, тағы бірдеңе-бірдеңе… сөйтіп кешке қарай мені алдымен Юдинамен беттестірді. Мен онымен беттестіретінін білген жоқпын. Оны маған айтқан да жоқ. Мен үшін төбемнен жай түскендей болды. Юдина отыр, көзі сорадай боп… оның отырғанына жиырма шақты күн болған. Жиырма күн бойы тергеп жатыр, тергеп жатыр… Ал енді менің алдыма келгенде Юдинаның қолында жазып алған қағазы бар.., тергеуші видеоға түсіріп жатыр кәдімгідей…, ол сол қағазда жазылған – дәлме-дәл күні мен сағатына дейін, және әрбір ақшаның санын тиынына дейін – «бәлен күні бәлен сағат бәлен минутта бәлен сом бәлен тиынды апарып, Тұңғышбай Қадыровичтің бөлмесінде тұрған сейфке апарып қойдық. Оны Тұңғышбай Қадырович жоғарыдағы біреуге беру керек деп айтқан бізге…» деп, қағазға жазып алғандарын айтып отыр. Мен төбемнен жай түскендей болып, «не деп отырсың, айналайын? Қашан мен сендерге ондай сөз айттым?.. Қандай дәлелің бар?..» десем, үндемейді. Ол сейф менікі емес. Бұған дейін менің фирмамда Әбдірахманов деген жігіт директор болған, анда-санда келіп қол қойып кететін. Ол жұмыс жасамай, кетіп қалған, орнына адам таба алмай жүрдім. Кабинетте оның өзінің жеке сейфі болған, мен оны қалай ашуды да білмеймін, сейфінің ұстайтын тұтқасын ұстамағам тіпті! Сөйтсем, оның коды бар екен басатын, оны да білмеймін. Өмірі ашып көрмеген адаммын! «Соған салып қойдық» деп отыр.

 – Ол сейфте сіздің саусақ іздеріңіз бар ма, жоқ па, тексерді ме?

– Оны тексерген ешкім жоқ! Тексер деп айтатындай, менде ондай ой да болған жоқ! Сол сейфтің маған пәле боп жабысатынын білсем, басында айтар ма едім, тексеріңдер деп. Айтып отырмын ғой, төбемнен жай түскендей болды. Айттым, «мұның бәрі дұрыс емес, сендер мынаны қинағансыңдар… бұлай болмайды… мойындамаймын!..  Қалай болмаған нәрсені болды дейді?…» Бір кезде оны алып кетті. Жарты сағаттан кейін бе екен, Назгүлді алып кеп отыр, бухгалтерімді. Менің бетіме қарай алмайды. Теріс қарап отыр. Көзінен пора-пора боп жас аққан… Көгала қойдай… жылап отыр қорсылдап… «Ал айт!» деді. Ол да жылап отырып, Юдинаның айтқанын түгел қайталап айтып берді.

– Ол да қағазға қарап айтып отыр ма?

– Енді… қағазға қарап айтып отыр, ананың айт дегенін айтып отыр… «Жоғарыда біреуге берем деген»… «Кімге берем деген?» «Білмеймін…» «Тұңғышбай ағаның алғанын көрдің бе?» «Жоқ, көргенім жоқ» дейді… Мен айттым: «Сендер екеуін де сындырғансыңдар… Мүмкін емес! Қандай дәлелдерің бар? Менде тіпті сейфтің кілті де жоқ, қалай ашуды да білмеймін…» дедім.

Бір-екі сағат өткеннен кейін Мужиков деген басшысы «сізді қамауға аламыз» деп төбемнен жа-а-рқ еткізіп жай түсірді. Қаржы полициясының тергеу бөлімінің бастығы. «Сізді бүгін қамаймыз» деді. «Е, не себептен?» «Сол, біз біліп отырмыз, сіздің басқарғаныңызды осы істің бәрін… мойныңызға алыңыз!..»

Сөйтіп, мені сол күні – 2 қараша күні – түнде сағат 11-лерде ме, алып кетті. Сөйтіп, түнде, әлгі өздерінің мәшинелерімен, қай жерге апарғанын білмеймін, бір жерге апарып қамады… уақытша ұстайтын жерге… Ол жердегі милиция жігіттер мені танып, олардың да төбе шаштары тік тұрып, көздері алақандай, «не боп қалды, аға?..» деп… Сөйтіп, 2 қараша сол жерге түнеп шығуға тура келді. Түнімен ұйықтағам жоқ. Өзім сол күні ауруханаға жатамын деп жүргем…

– Жертөлеге, камераға қамап тастады ма?

– Иә, жертөлеге, камераға!.. Түнімен ұйықтай алмадым. Өзім ауырып жүргенмін, больницаға жатамын деп жүргенмін, ауруханаға жолдамам да бар еді, «Совминнің» больницасы орын дайындап қойған еді…

Ертеңіне сағат 10-дарда қайтадан алып келді департаментке. Таңертең 10-нан бастап тағы да сол тергеу. «Мойныңа ал да ал!.. Біз бәрін дәлелдедік!.. Сіз басқарғансыз!.. Сіз ақшаны алғансыз!.. Сіз үйткенсіз!.. Сіз бүйткенсіз!..» деп Мужиков тергеп отыр.

Айтпақшы, «қамаймыз» дегенде, мен жүрегім ұстап, сол жерде құлап түстім. Қалтамда «успокоительный» дәрім бар еді, соны аузыма сала бергенде, лоқсып, басым айналып, диванға құладым. Жедел жәрдем шақырттым. «Совминнің ауруханасынан өзімнің дәрігерімді шақыртыңдар… мен бүгін больницаға жатуым керек еді…» дедім. Оған қараған жоқ, танымайтын бір дәрігерлер келді де қарады, қан қысымым 168 бе, есімде жоқ… қан тамырыма ыстық укол салды да кетті. Мен ол уколдан кейін ыржалаңдап күле бастадым. Не салғанын білмеймін… Сол күні апарып мені қамады, ертеңіне әлгіндей қайта басталды. Не тамақ жоқ, не су жоқ… Оны сұрауға да менің құлқым жоқ… Жағдайым өте нашарлай бастады. Олардың айтатын әңгімесі: «Отырасыз. Мойныңызға алыңыз… Бәрін басқарған сіз екенсіз…» Мен айтам, «олардың сөзіне сенесіңдер де, неге маған сенбейсіңдер?» деп. Енді, ол жерде есім кіресілі-шығасылы болды, шыны керек. Менің өмірімде мұндай жағдай болған емес!..

– Тергеу кезінде ұрып-соғу, қоқан-лоққы, күш көрсету болды ма?

– Ұрып-соқпаған шығар, бірақ психологиялық деңгейде қатты қысым жасады. Тізеге басу жағынан… «Біз білдік… сіз осындай істегенсіз… Сондықтан, былай істейік… келісейік» деді. «Сіз мойныңызға аласыз. 5 млн 300 мыңды мойныңызға алыңыз, апарып құйыңыз. Сонан соң біз істі жабамыз!» деді. «Істі жабамыз, ана екі әйелді де босатамыз». Мен айттым, «мен неге мойныма алам алмаған нәрсені?!.» «Жоқ, сіз алғансыз…» «Қай жерде көрдіңдер менің алғанымды?» «Ана қыздар айтты». «Олар көзімен көріп пе?.. Мүмкін басқа біреу алған шығар?.. Сол жерде өзі ақша болған ба екен?..» Мен әлі де ол қыздарды қорғап жүрмін: «Сендер ол қыздарды сындырып, зорлап айтқыздыңдар! Мүмкін емес ол! Ондай болған жоқ! Мен араласқам жоқ ешқандай финансқа! Бірде-бір қағазда, құжатта менің қолым жоқ! Қол қоямын деп ойламағам да, ондай финансовый жұмыстарды атқаратын мен емес, басқа адамдар!.. Менің ол жерде шаруам жоқ, айналайын!..» десем, түсінбейді. Сонымен, келісімге келе бастады, мені айналдыра бастады. Алдында біз бір адвокат тауып қойғанбыз, сол адвокат 2-сі күні де қасымда болды, 3-і күні де қасымда болды – Ғалия Тілеповна Наратауова деген кісі. Болып жатқан қазіргі сотта ол кісі осының бәрін айтты. «Осылай болғаны рас, өте қиын жағдайда болғаны рас, мойындатқаны рас…» деген сияқты мәселені.

– Яғни, сіз 5 млн 300 мың теңгені сол жерде мойындадыңыз ба?

– Енді айтайын, неге мойындағанымды… Басында мен келісімдеріне көнбедім. Маған айғай салды… Сол күні тағы да жағдайым нашарлап, жедел жәрдем шақырттым, бұл жолы өзімнің больницамның «скорыйы» келді. Олар тағы укол салды, «бұл кісіні бұл күйінде тергеуге болмайды, алып кетеміз больницаға» деді. Аналар жібермеді. Мен диванда жатырмын, маған түнеріп кеп ана Мужиков деген жап-жас жігіт айтады: «Мен жоғары жақпен келістім. Сізді қамаймын. Уже бәрі біледі. Сыртта 200-дей адам тұр, сіз оппозиция шақырдыңыз, қазір сіз оппозицияны ұйымдастырып жатырсыз. Ананы тоқтатыңыз!.. Тағы бір адвокат сізге кірем деп тұр. Ол оппозицияның адвокаты! Байқаңыз!.. Үлкен кісі сізді жақсы көреді, ренжіп қалады… Тұңғышбай да осындай екен дейді ғой… сондықтан қойғызыңыз… Мен сізге уәде беремін: менің фамилиям Мужиков! Мен мужикпін! Сіз де мужик болсаңызшы!!! Екі әйелді аямайсыз ба?!! 20 күн болды жатқандарына! Әйел адамдар ғой олар! Соларды аямайсыз ба? Сіздің жігітігіңіз қане? Атақ-даңқыңыз дардай!..» деп айғайлады. Соңында, «осыны мойныңызға алыңыз, мен істі жабуға уәде беремін! Мен мужикпін!..» деді. «Сонан соң сіздің жоғарыдағы министріңіздің жаны жай табады…» деп құлағыма сыбырлады.

Міне, әңгіме осы… Уһһ…

Амалым жоқ, көнуіме тура келді. Сонан соң…  сендім ғой мен! Сеніп қалдым! Ана екі қызды босататынына, істі жабамыз дегеніне сендім. «Ары қарай ушықтырмай, 5 млн-ды жабайын да, ары қарай тірлік істей берейік, құрысын… бір қадам артқа жасап, екі қадам алға жылжиын… бұл жерде отырғанмен түк бітіре алмаймын, одан да сыртқа шықсам жазықсыз екенімді дәлелдеуге мүмкіндігім көбірек болады…» деген ойменен… есім кіресілі-шығасылы… «Мақұл» дедім. Аш пәледен қаш пәле… «Мақұл» деп едім, «жарайды онда» деді. «Уәдеңде тұрасың ғой?» деп едім, «Уәдем – уәде» деді. «Онда біз мұны видеоға түсіреміз» деді. Видеоға түсірді. Мен шатып-бұтып ештеңе айта алмаймын. Заң жөнінде сөйлеуді білмеймін ғой. Эмоциямен сөйлеймін… Маған бүй деді: «Анау-мынау әртүрлі әңгіме айтпа… Біз қазір видеоға түсіреміз. Ана мониторда сіздің айтатын жауаптарыңыз тұрады, соны сізге қаратып қоямыз, соны сіз оқып бересіз» деді. Кәдімгі теледидар сияқты монитор. Камера осылай маған қарап тұр. Бірінші Мужиковқа түседі, маған түседі, адвокатқа түседі – общий план дейміз ғой. Анау бірінші сұрайды: «фамилияңыз… бәлен… атыңыз… түген…. қай жылғысыз… қайда істейсіз… бәлен-түлен… Сізге қойылатын сұрақ:…» деп сұрағын қояды. Жауап берердің алдында камера маған қарай бұрылады. Сол кезде Мужиков алдында тұрған мониторды маған қарай бұрады. Мониторда менің беретін жауаптарым жазулы тұр. Соны мен оқи бастадым. Ол өзінің алдында жазылған сұрағын қояды, мен оқимын. Заң тұрғысынан өте әдемі сөздермен жазылған, мен ондай сөздер айта алмаймын… Соны оқимын. Онша болмайды. Қайта оқытады, тағы да онша шықпайды. Қанша әртіс болсам да, ойнай алмадым. Видеоға түсіріп отырған оператор жігіт, орыс жігіті екен, ол да солардың адамы ғой – тоқтатып қойып, «жоқ, дұрыс емес, шындыққа үйлеспей тұр, неправдоподобно!.. Сіз әртіссіз ғой!.. Ойнасаңызшы дұрыстап!..» деп… менің намысыма тиді… Мен ол арада не істеймін? Төбелесе кетемін бе?.. Үшінші дубль ма, есімде жоқ, бірнеше рет қайталап, сол жерде босқа мойныма алып жатқан нәрсе екенін түсінгендіктен қайта-қайта «уһ…уһ…» деп… Камераға қарап емес, мониторға қарап оқып бердім.

Содан кейін «енді осыны жазыңыз қолыңызбен» деді. «Допрос» алдын ала қағазға жазылып дайын тұр екен, соған қол қойдық. Содан кейін өзімнің атымнан, қолмен жаздыртып алды. «Мен, осындай да осындай…» деп. Оны да жазып дайындап қойған. Соны көшіріп… қолым қалтырап, сізге өтірік, маған шын – бес рет көшірдім. Себебі, қайта-қайта қате кетіп қалады, сызсам, «жоқ, болмайды мынау сызғаныңыз… қайтадан жазыңыз!..» Қайтадан қате кетіп қалады, қолым дірілдеп, қисық боп кетеді… Қайта жазғызады… Бес мәрте жаздым соны. Бір сағат отырған шығармын.

Айтпақшы, мойындардың алдында, жаңағы «оппозиция келіп тұр… оппозицияның адамдарын таратыңыз… сізге бір оппозиция адвокат келіп тұр… мынау адвокатыңыз бар ғой қасыңызда… оппозицияның керегі жоқ деп жазыңыз» деді. Мен «ойбай, оппозицияның керегі жоқ»  деп тағы да жазып бердім.

– Сол кезде, шынымен де 150-200 адам жиналып па?

– Жиналған. Ешқандай да оппозиция емес, балаларым, туған-туысқандарым, шәкірттерім, жора-жолдастарым, әріптестерім, тілеулестерім… бірталай адам жиналыпты. «Оппозицияның адвокаты, бір әйел кірем деп тұр» дегендері ешқандай оппозиция емес, өзімнің шәкіртімнің мамасы, кәдімгі Алматы адвокаттар коллегиясының адвокаты – Қадырбаева Бақытгүл Ұзақбаевна деген кісі екен. Мені «осындай болып жатыр» деп теледидардан айтылған кезде Атырауда жұмыс істеп жүрген шәкіртім мамасына звондайды, «мама, аға түсіп қапты, осындай да осындай.., мама, бар, ағаны құтқар!.. құтқар!..» деп. Ол жүгіріп келеді. Менің келіншегіммен – Дариямен кездеседі. Кірмек болады, төмендегілер кіргізбейді. Оларды мен білмеймін. Ол бірден қолына керек қағазын, ордерін алып келген. «Кіруім керек» дейді, олар кіргізбейді. Түннің бір уағына дейін жүреді, арыз жазады, бәрібір кіргізбейді. Содан кейін, «қазір әйеліңізді кіргізейік, – деді, – анау оппозицияны шығарып жіберу үшін…»

Келіншегім Дария келді. Түрден-түр жоқ, дір-дір етеді. Мен де дірілдеп тұрмын… Дария айтады, «анау Нұршаттың мамасы, адвокат, соны мыналар жібермей жатыр» дейді. «Ол оппозиция деп айтты ғой». «Қайдағы оппозиция, ол Нұршаттың мамасы… өзі естіп кеп отыр… кәдімгі Алматы қалалық коллегиясының кәсіби адвокаты, соны кіргізбей жатыр… ол айтып жатыр, мойнына алмасын деп жатыр, өтірік алдайды деп жатыр…» Мен айттым, «бұлар маған уәде берді, Дария, осыны мойныңа алсаң істі жабамыз деп отыр, сөзін беріп отыр, сондықтан мен мойныма алуым керек боп тұр…» Дария айтады, «алма мойныңа, өтірік айтады!..» дейді. Мен екі арада қалдым… Бұлар «мойныңа алмасаң, қамаймыз» деп отыр. Ал мен екінші күні қайта қамалсам, аман шығуым екіталай. Өйткені мен эмоцияның адамымын. Сахнада қанша өмір сүргеніммен, менің жүрегім темір емес… Тас емес… Жасым осыншаға келген адаммын. Әлгіндей уайыммен, әлгіндей масқарамен, әлгіндей нақақ жаламен екінші күні таңертең оянуым неғайбіл еді… Сонан соң… жетінші түйсікпен келген ой – мен мына арада жатып айқаса алмаймын, мен шығып айқасайын, шығып дәлелдейін, ана әйелдерді де шығарайын, байғұстарды… сөйтіп дәлелдейін… не де болса, бір қадам артқа жасап, екі қадам алға жасайын деген ұғыммен, шалажансар күйде, «олар мені алдайды» деген күйден гөрі, «мен кінәлі емеспін, ақталамын» деген үмітім көбірек маған күш берді. Мойныма алған себебім осы болды.

Дарияға айттым, «балаларды қайтар, бәрін қайтар, ұят болады, теледидарға түсіріп жатыр екен, ертең үлкен кісіге көрсетеді, Тұңғышбай да оппозиция боп кетіпті деп айтады, мені үлкен кісі былай жаман көрмейді, сыйлайды мені, мен ол кісінің алдында абыройын түсірмейін, балаларға айт, оппозиция деп ойламасын, қайтыңдар» деп, мен Дарияға тапсырма беріп, шығарып жібердім. Бұлар тарады.

Онан соң бағанағы айтқан «мойындау» процесі болды. Бірақ сол күні ақшаны әкеп беруге тура келді. Түнгі сағат 11-лерде! Сөйтсек, далада министрліктің адамдары жүріпті аңдып, бәрін түсіріп. Астанаға беріп отырыпты, не боп жатқанын көрсетіп… Сол кезде мен, олар уәде бергеннен кейін, дәл қазір ақша салыңыз дегеннен кейін, менің келіншегіме адвокатым шығып, «тезірек 5 млн-ды салыңдар, сонда ғана шығарады… 1 млн 300 мың теңге кепілдікке ақша төлейсіз, сонда ғана шығарады, әйтпесе отырғызады… бәлен де пәштуан… тездетіңдер… ағайын-туысқан, шәкірттеріне айтыңдар…» дегеннен кейін, бұлар дереу ана туысқан, мына туысқан, бәрінен жинап, түнгі сағат 11-де (!) сыртта жүрген министрліктің адамдары киностудияға звондап, кассирінің үйінің телефонын тауып алып, оны үйінен алып, жұмысына апарып, печатін, қағазын дайындап, мәшинемен алып келіп, сол департаменттің алдында 5 млн 300 мыңды санап алады.

– Сол квитанцияда түнгі сағат 11-де төлем жасалғаны жазылған ба?

– Ол жазылмаған. Бірақ сол жердегі адамдардың бәрі көріп отыр ғой! Кепілдікке төлейтін 1 млн 300 мыңды түнгі сағат 11-12-де (!) жұмыс істеп тұрған банкті тауып, сол жерге барып төлеттіреді. Сөйтіп мені түнгі сағат 1-2-лерде ме екен, далада күтіп тұрған адамдарыма көрсетпей, сыртқы есіктен мені мәшинеге мінгізіп, өздері үйге әкеп тастады.

Есім кіресілі-шығасылы. Жағдайым өте нашар. Үйге келсем, 40-50-дей адам үйде отыр екен – шәкірттерім бар, туысқандарым бар, бауырларым бар… көбі шәкірттерім… театрдағы әріптестерім бар – жастар әсіресе… Осы жерде отырып, «жігіттер, айналайындар, сендер үндемеңдер…» Мен оларға тағы қолхат жазып бердім ғой: «Тергеу біткенге дейін ешқандай бұқаралық ақпаратқа интервью бермейсіз, ешқандай ақпаратты сыртқа шашау шығармайсыз… егер шығарсаңыз, онда сіздің мера пресечения дейді ғой – үйге кепілдікке шыққаныңыз бұзылады да, түрмеге отырасыз» дегеніне қол қойып бердім ғой.

Сөйтіп, балаларға айттым, «ешкімге айтпаңдар, айналайындар, үндемеңдер… мен патриот адаммын, мен елімнің патриотымын, жерімнің патриотымын, мемлекетімнің патриотымын… мен қазақ еліне, қазақ халқына жаман сөз келмесе деймін, «қазақтың осындай үлкен, атақты актері істі болып, президентіне қарсы оппозиция жинап жатыр» деген сөзге қалғым келмейді, мен президентті сыйлаймын…» дедім.

Таңғы сағат 4-5-терде балалар бәрі кетті, шаршап-шалдығып. Ол күні де ұйықтай алмадым. Ертеңіне жағдайым нашар болды. Сол күні ауруханаға түстім. Орын болмай жатыр деп, бір бөлмеге жатқыза тұрды. «Қазір мына бөлме босайды» деп бір үлкендеу бөлмені көрсетті. «Бірақ бүгінше осында бола тұрыңыз, қазір түс қайта тәуір бөлме босайды» деді. Кейін естідім, ол үлкен бөлме бос екен, ол бөлмеге тыңдайтын аппараттарды қойып жатыр екен. Ол тыңдағанынан қорқып жүрген мен жоқ. Мен не, үкіметке қарсы сөз айтамын ба? Уәде бердім бе – бердім. «Менің жазығым жоқтан» басқа не айтамын? Келіп, жылап-сықтаған туған-туысқандарыма «менің жазығым жоқ, төбеде алла тұр, бір алла біледі ғой!.. Мүмкін емес бұл! Шындық ашылады! Бұл уақытша болып жатқан нәрсе! Ертең тексеріледі, сот оның бәрін қарайды…» деген сияқты үмітімді айтамын. Соттың әділдігіне деген үміт менде әлі күнге дейін сөнген жоқ. Бірақ, өмір айтады, басқа адамдар да айтады, «соттың да кейде әділ бола алмайтын кездері болады екен» деген ұғымды. Менің қазір екінші үрейім сол. Қазір мені қарап жатқан судья естияр жігіт, жасы біразға келген, іштей бәрін түсініп отырған сияқты. Әрине, ана жаққа да, мына жаққа да бірдей, бірақ әділдікпен шешіп береді деген үмітім үзілген жоқ… Дегенмен үрей бар… Маған қойылған кінәнің дәлелдері жоқ. Ауызбен ғана айтылған, екі әйелдің дәлелсіз жаласы. Ол ауызбен айтылған – зорлықпен айтылған, екі әйелді зорлап айтқызған.

– Фильмнің шығынын – алдын-ала дайындық кезі, кейінгі дайындық кезінде жұмсалған қаражаттың сомасын айта аласыз ба?

– Сценарий авторларына төленген 10 миллионмен қосқанда 79 млн теңге. Алдын-ала дайындық пен кейінгі дайындыққа кеткен ақша – 69 млн.

– Яғни, шығынның бәрінің орны бар ма, оны растайтын құжаттар бар ма?…

– Бар. Өкінішке орай, алғаш айыптау актысын қаржы полициясының жігіттері қолыма ұстатқанда соншама қалың екенін көріп шошыдым. Бір-екі бетін оқығанда, жаңағы «Жаманқұлов бәрін жасаған» дегенде, шошыдым. Ол жердегі жігіттер айтты, «аға, сіз оған мән бермеңіз, біздің жұмысымыз осылай.., сот бәрін қарайды, жоққа шығарады…» деді. Сосын барып жүрегім орнына түскендей болды. Сотқа деген сеніммен оны алып кеттік. Бірақ айыптайтын прокурор тек осы «Айыптау актысымен» ғана тізеге басып отыр. Нығырлап. Дәлел жоқ болса да. Есеп-қисап құжаттары бар, бірақ оны есептемей отыр. Яғни, қаржы полициясының адамдары бізге дейін осы заттардың орынды-орынсыз жұмсалғанын тексертетін комиссия құрғызып алған. Бірінші «Қазақфильмнен» комиссия құрған – 14 адамнан. Сөйтіп олар біздің түсірген материалдарды көріп, олар да министрліктің тапсырмасымен  «бұл жасалынған жұмыс осы ақшаға сай келмейді.., толыққанды емес.., мынау басқа фильмге ұқсайды.., жалпы бұл әлі толық шаруа емес.., қанағаттандырылмайды…» деген шешім шығартып алған. Олардың бәрі киностудияның адамдары, сол жерде жұмыс істейтін адамдар, мәдениет министрлігіне тәуелді адамдар… жұмысынан шығып кетеді ертең… Біз ол қорытындымен келіспедік. Басқа шақырайық дегенде, сот оған да келісім бермеді. Тәуелсіз аудит жүргізілмеді. Енді екінші: бұлар, қаржы полициясының жігіттері біздің жұмсалған ақшаларымызды өздерінің аудиттеріне тексерттірген. Сот-экономикалық эксперттеріне тексерттіріп, біздің жасаған жұмыстарымыздың бәрін жоққа шығарып, алған айлығымызға дейін дұрыс емес деген нәтиже шығарып, «бір жерінде 58 млн дейді, бір жерінде 53 млн шашау шыққан деп құжат беріп отыр. Біз сотта «бұлардың бәрі дұрыс емес, қайтадан тексеру керек» деген талапты қойып отырмыз. Әзірше ол талабымыз орындалған жоқ. Менің түсінігімде, жаман ба, жақсы ма – адам жұмыс істеді ғой! Еңбек етті бір жылдан астам!.. Бір жылдан астам алған айлығын қалай жоққа шығаруға болады? «Жаман істеді» десе, жарайды, ол үшін «выговор» алуға болады… жақсы істеді ме, жаман істеді ме, ол адам еңбек етті ғой, сол ақшамен бала-шағасын бір жыл асырады ғой!.. Өзіне тиісті міндетін атқарды ғой – орташа атқарды ма, жақсы атқарды ма – ол басқа әңгіме. Сонан соң… әлгі  компаниялар, біздермен кездескен компаниялар, бірі 1 млн-ға жасады, бірі 1,5 млн-ға жасады. Онымен де тайталасып көруге болады, қазір нарық заманы. Олардың конкуренттері бар, соларды әкеп біздің «Қазақфильмнің» адамдары куәгер қылып отыр – «мен бұл жұмысты 1-ақ млн-ға жасаймын, сіздердің адамдарыңыз 3 млн-ға жасапты» дегенді айтқыздырып отыр. Оны айтып отырған адамның не қолында білімі жоқ, сондай жасауға алған рұқсаты – сертификаты жоқ, лицензиясы жоқ, кішкентай ғана рекламный ролик жасап жүрген адамдар. Рекламный ролик пен көркем фильм түсіру – жер мен көктей! Оның үстіне – фантастикалық, оның үстіне – ғарыштық фильм! Сонан соң ол жігіттердің ішінде «неге мен бұған кірмедім?..» деген іштей наразылық, іштей қызғанышы да болған. Режиссер Талғат Жәнібеков таңдаған кезде сол жігіттерді алмаған екен. Жұмыстары ұнамаған. Яғни, бұл жерде олар бізбен «есеп» айырысып отыр, оны да ойлау керек. Сол жағынан келген кезде, бұл жасалынған экспертиза арнайы жасалынған, тапсырыспен жасалынған деген мәселені алға қойып, судья мырзаны осыған сендіруге тырысып жатырмыз.

 – Тәуелсіз аудит-тексеру жүргізу туралы адвокаттарыңыз ходатайство жасады ма?

– Адвокаттар да жасады, 27 сәуір күні мен де жасадым. Сот аяқталуға жақын қалды. Қазір бізді айыптаушы – Мәдениет министрлігі болып отыр. Олар азаматтық талап қойып отыр, «Жаманқұлов мынанша ақша, Түгенбаев мынанша ақша әкеп құйсын!» деген. Прокурор да соны талап етіп отыр. «Не себептен, соны талдап берсін?..» деген біздің адвокаттардың сұрағына әзірге жауап бере қойған жоқ. Соңғы отырыста мен тәуелсіз аудит жүргізу туралы ходатайство жазып бердім. «Мына тексерулердің қорытындысымен мен келіспеймін. Тәуелсіз тексеру болсын, ол Мәдениет министрлігінен болмасын, ол «Қазақфильмнен» болмасын, ол тіпті, Алматыдан болмасын, Әділет министрлігінен алайық» деп сұрадым. «Тіпті, шетелден тексеру комиссиясын шақырайық, тым болмаса, мына тұрған Ресейден келсін, сараптама жасасын, солар бағасын көрсетсін, сол үшін рұқсат беріңдер» деп арыз бердім. Оны сот қарай ма, қарамай ма, ол жағы белгісіз. Ол судьяның әділеттілігіне байланысты, мен соған сеніп отырмын.

– «Қазақфильм», «АлдамисРус» және сіздің фирмаңыз арасындағы үшеуара келісімшарт қай кезде бұзылды?

– Оны «Қазақфильм» киностудиясы бұзды – осы тексеріс жүріп жатқан кезде.

– Тексеруге дейін «Сізбен келісімшартты бұзамыз» деген алдын ала «Ескерту» («Уведомление») берді ме?

– Жоқ, ондай нәрсе болған жоқ. Тексеру жүріп жатқаннан кейін, істің насырға шауып бара жатқанын байқап, «Қазақфильм», өзін-өзі қорғау үшін олар алғашқы бігіріп істеу туралы келісімшартты да бұзды, «Алдамис Руспен» үш қайтара болған келісімшартты да, сотқа беріп, бұзды, біз қатыса алмадық оған, біз мында тергеуде жүрдік.

– Келісімшартты бұзудың себебі не деп көрсетілді?

– Себебі – біз жақ өз міндеттерін орындамады деп  көрсетті. Ал олардың өз тарапынан атқаруы тиісті міндеттерінің орындалған-орындалмағанын қарап отырған ешкім жоқ.

– Сіздің фирма қандай міндеттерді орындамады, «Қазақфильм» тарапынан қандай міндет орындалмады?

– Біз өз міндеттерімізді артығымен орындадық, тіпті, америкалық инвесторларға дейін таптық. Ал «Қазақфильм» америкалық сценаристке төлеуге тиісті 50 мың долларды төлемеді. Ал америкалықтар өз мойындарына алған 50 мың долларды төлейтін еді және біз олармен кәсіби деңгейде жұмыс істегенімізде, нақты жұмыс, түсірілім басталғанда олар басқа да уәде еткен міндеттерін толық атқаратыны анық еді. Бұлардың талап етіп отырғаны баланың ісі – «50 мың долларды бізге жіберіңдер дейді, сонан кейін барып үстінен өзіміз төлейтін 50 мың долларды қосып, біз кері жіберейік» дейді. Бұл не бұл, әткеншек ойнағандай?!.  Оның бер жағында налогтар кетеді, талай ақшадан айрыламыз ғой.

Бір қызық жайтты айта кетейін: осы жайында біздің Мемлекеттік Есеп комитетіне Мәдениет министрлігі бізге бөлінген 100 миллион теңге түгелдей дерлік жұмсалды деп есеп беріп қойған. Оның 79 млн жұмсалып, 21 миллионы әлі киностудияда жатыр. Біз оны алған да жоқпыз, бірақ Мәдениет министрлігі осы фильмге берілген 100 млн теңге түгелдей игерілді деп Республикалық Есеп комитетіне есеп беріп қойған. Бұған не дейміз? Оны адвокаттар айтып отыр, «онда неге сот болып жатыр?» деп. Мәдениет министрлігінің алғашқы келген заңгері біздің жауаптарымызға, сұрақтарымызға шыдай алмай, екінші күні келе алмай қалды. Айтатын уәж таба алмай қалды. Содан кейін министрлік азулы бір адамын жіберді, сосын ақша төлеп бір адвокатты жалдапты, сол келді, олардың берген жауабы мынандай: «Иә, біз ондай есеп бердік, өйткені біз ондай есеп бермесек, бізге ақша түспейтін еді, сондықтан түгелдей игерілді деп есеп бердік. Бірақ, кейін бізге күдік пайда болды,.. бұл 79 млн дұрыс жұмсалмаған шығар деген күдік пайда болып, сонан соң біз прокуратураға арыз бердік» дейді. Бұл не? Жазылған пьеса ма? Сценарий ме?..

– «Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бермеу туралы» қолхатыңызда қай кезге дейін екені, уақыты көрсетілген бе?

– «Тергеу амалдары біткенше сұхбат бермеймін» деп қолхат бердім. Тергеу амалдары баяғыда бітті, сот жүріп жатыр...

Пікір қалдырыңыз

Қонақ 25 мая

Неге бiздiн елде шындык шыркырай бередi. Тунгышбай аганын айтып отыргандары рас деп ойлаймын. Басымнан осы тектес окига оттi. Сотка барып адiлдiк таппадым менде. Тунгышбай ага адал екенiне мен сенемiн. Аллах колдасын агамызды.

Сіздің пікіріңіз,

[X]