Жарияланды: 60

Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы екінші қарсыласы белгілі болды

Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы екінші қарсыласы белгілі болды

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы екінші қарсыласы белгілі болды. Boxrec ақпараты бойынша отандасымыз 6 маусым күні венгр боксшысы Габор Горбичпен жұдырықтасады.


Жекпе-жек Лондондағы "York Hall" аренасында өтеді. Астана уақытымен түнгі (6-нан 7 маусымға қараған түні) 01:55-те басталатын кездесуді "Хабар" арнасы тікелей эфирде көрсететін болады. Жартылай орта салмақта өтетін кездесу 6 раундқа жоспарланған, деп хабарлады vesti.kz

Габор Горбич кәсіпқой бокстағы мансабын 2012 жылы бастаған. Осыған дейін 35 жекпе-жек өткізген. 24 кездесуінде жеңіске жетіп, 11 рет ұтылған. 8 бірдей елде шаршы алаңға шыққан. Соңғы рет 21 сәуір күні өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен қолғап түйістіріп, төрешілер шешімімен есе жіберген. Ал Шахрам болса Риодағы Олимпиада ойындарының финалында Даниярдан жеңілген болатын.

"York Hall" орталығында өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде чемпиондық атақ үшін Лоуренс Околи (8-0, 6 КО) мен Люк Уоткинс (13-0, 9 КО) жұдырықтасады.

27 жастағы отандасымыз кәсіпқой бокстағы бірінші кездесуін 28 сәуір күні өткізді. Нью-Йоркте өткен бокс кешінде америкалық боксшы Ноа Кидті 3 раундта техникалық нокаутпен ұтты.

Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа түбегейлі наурыз айының басында ауысты. Оған дейін бір рет баруға бел буғанмен, реті келмеген еді. Ұлыбританиялық промоутер Эдди Хирнмен үшжылдық келісімшартқа қол қойып, кәсіпқой бокстағы мансабына жол ашылды. Қазіргі таңда Эдди Хирн басқаратын компания құрамында аса ауыр салмақта WBA Super, IBF және IBO чемпиондық атақтарына ие Энтони Джошуа бар. Сондай-ақ британдық промоутер Райан Барнетт (18-0, 9 КО) (WBA Super және IBF), Джейми Макдоннелл (29-2-1, 13 КО) (WBA), Халид Яфай (23-0, 14 КО) (WBA Super), Келл Брук (37-2, 26 КО), Дэниэл Джейкобс (33-2, 29 КО) сынды боксшылармен жұмыс жасайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін