Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшының айтуынша, қазіргі таңда дайындықтың физикалық кезеңі аяқталып, негізгі жұмыстар татамиде жалғасып жатыр. Ол құрлықтық додаға жоғары деңгейде дайындалып жатқанын атап өтті.
“Азия ойындарына өте керемет деңгейде дайындалып жатырмын деп айта аламын. Қазіргі таңда физикалық жаттығуларды аяқтадым. Татамидің үстіндегі жұмыстарды бастап кеттік. 100% күшімізбен елді қуантатын, әнұран шырқататын формада баруға тырысып жатырмыз”, — дейді ол.
Елдос Сметов спортшыларға жоғары деңгейде дайындалуға мүмкіндік жасап отырған мемлекетке алғысын білдіріп, мұндай қолдаудың жеңіске жетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
“Мемлекет 30 ел қатысқан, тарихта болмаған оқу-жаттығу жиынын өткізіп беріп жатыр. Бұл жерде әлемнің ең мықты спортшылары жиналған. Олимпиада чемпиондары, Жапония, Корея елінің спортшылары көп оқу-жаттығу жиындарына бара бермейтін.
Әлемдік аренада күресіп, оқу-жаттығу жиындарына баруға жағдайымызды жасап, ешқандай кедергісіз өнер көрсетіп әнұранды шырқатуымызға мүмкіндік сыйлап жатқан ол – мемлекет.
Мемлекеттің артында еңбек. Еңбектің артында ұжым, халық, қолдау бар. Қазақстан ұлттық құрамасына, қазақ елінің абыройы үшін шығатын әр спортшыға алдағы Азия ойындарында еліміздің әнұранын шырқатуды тілеймін”, – дейді Елдос Сметов.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы XX Жазғы Азия ойындары Жапонияның Айчи–Нагоя қаласында өтеді. Құрлықтық додадағы дзюдо жарыстары 29 қыркүйек пен 2 қазан күндері ұйымдастырылады.
Бұған дейін байрақты бәсекеде Қазақстан атынан сынға түсетін дзюдошылардың анықталғаны туралы жазған едік.