Жарияланды: 570

Талдықорғанда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Талдықорғанда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Талдықорғанда ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Айтулы додаға еліміздің ең беделді және үздік зілтеміршілері қатысуда. Барлығы 142 спортшы бақ сынасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спортшылар бір апта бойы «Жастар» спорт сарайында 15 түрлі салмақ дәрежесі бойынша мықтыларын анықтайтын болады. Жеңімпаздар ел құрамасына алынады. Бір тобы қыркүйек айының соңында  Ашхабатта өтетін  Азия ойындарында бақ сынайтын болса, енді бірі қарашада АҚШ-тың Анехейм қаласында жалауын көтеретін әлем чемпионатында ел намысын қойғайды.

«Биылғы ел чемпионатына қатысушылардың дені жастар. Мамандардың айтуынша командалық бас жүлдеден бірден бір үміткер ұжым Алматы облысы. Рио Олимпиадасының жүлдегері Карина Горичева, Азия чемпионы Альберт Линдер бастаған   Жетісу өңірінің атлеттері бұл жолы да нағыз бабында дейді бапкерлер. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қызылорда облыстарының зілтеміршілері де жақсы дайындықпен келген», - дейді ауыр атлетикадан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсір.

Жарыстың алғашқы күні 48 және 53 келі салмақ дәрежесі бойынша қыздар сынға түсті.  Алматы облысының атлеттері өздерінің мықты екендерін дәлелдей білді. Ең жеңіл салмақтағылар арасында Юлия Потасова чемпиондық атаққа ие болды. Ал, 53 келі де Текелі қаласының тумасы Әйгерім Ауылбек қарыстластарын қапы қалдырып, топ жарды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әйгерім барлық мүмкіндігін толық пайдаланып, осылайша ел құрамасына кірді.

Жарыс 11- ші қыркүйекке дейін жалғасады.


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін