Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Бүгін, 2 қазанда Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында бокстан финалдық жекпе-жектер басталды. 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын Төрехан Сабырхан қорғады. Оның финалдағы қарсыласы иорданиялық Зеяд Ишаиш болды.
Қазақстандық боксшы төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Төрехан Сабырхан Қазақстан құрамасына бокстан Азия ойындарындағы 12 жылдан кейінгі алғашқы алтын медальді сыйлады. Соңғы рет отандық былғары қолғап шеберлері 2014 жылы Инчхонда өткен додада чемпион атанған еді. Ал 2018 жылғы Джакарта және 2022 жылғы Ханчжоу Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бокстан алтын жүлдеге қол жеткізе алмады.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан бұл жеңісімен 2026 жылдың сәуірінде Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатының финалындағы жеңілістің есесін қайтарды. Ол кезде 70 келіге дейінгі салмақтағы шешуші жекпе-жекте дәл осы Зеяд Ишаишпен кездесіп, қарсыласына жол берген болатын. Нәтижесінде қазақстандық боксшы Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленген еді.
Бүгін бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай да финалда бақ сынайды. 90 келіден жоғары салмақтағы алтын жүлде үшін ол өзбекстандық Жахонгир Закировпен кездеседі.