Асқар Шәмекеев: Қазіргі таңда ешкім, ешкімді бөлмейді, барлық адамдар тең дәрежеде - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Асқар Шәмекеев: Қазіргі таңда ешкім, ешкімді бөлмейді, барлық адамдар тең дәрежеде

Асқар Шәмекеев: Қазіргі таңда ешкім, ешкімді бөлмейді, барлық адамдар тең дәрежеде

Елімізде соңғы кездері теңдік туралы көп айтылады. Елімізде өзгелерге ұқсамайтын жандарға жағдай қаншалықты жасалған? Қаншалықты тең деңгейде оларға жағдай қаралады? Оларды бөлу немесе ажырату жоқ па?

  • 22 Тамыз 2022
  • 46
Фото - Caravan.kz

Осы және өзге де сұрақтарға еліміздегі дамуында ауытқуы бар балалармен бірге жұмыс істейтін, оларға ән айтуды, нота тануды үйретіп жүрген белгілі демалыс аймағының ән мұғалімі Асқар Шәмекеев жауап береді.

— Ауытқуы бар балалармен жұмыс жасау қаншалықты қиын немесе жеңіл?

Ең алғаш орталыққа келген кезімде әрине өте қиын болды десем болады. Өйткені, бұрын ондай балалармен жұмыс жасап көрген жоқпын. Кейін үйрене де бастайсың, тәжірбие де келе бастайды. Дегенмен де балаларға қарап отыра берсең де болмайды. Жұмыстың аты жұмыс. Сіз “теңдік” деп айтқаннан кейін әрине балаларға тең қараймыз. Бізде ауытқуы бар балаларға арналған ғана демалыс аймағы. Сондықтан да әртүрлі балаларға келеді. Олардың барлығына тең қарап, кішкене ғана демалысында сәл болсын бірдеңе үйреніп кетсін, біліп кетсін, музыкант ретінде музыкадан хабары болсын деген ниетпен жұмыс жасаймыз. Әрине ондай балалардың қабылдауы тез бола қоймайды, сондықтан да шыдап, олардың ойында, миында айтқандарымыз қалсын деп максимум жұмыс жасаймыз.

— Ондай балалармен жұмыс қалай жасалады?

Психолог, арнайы педгаогтер жұмыс жасайды. Мен ән айтуды, әннен қандай да бір хабар болса деп үйретемін. Балалар өздерінің бөлек екендерін сезінбесе екен деймін. Бізге түрлі балалар келіп жатады. Солардың барлығына бірдей қарап, бірдей көңіл бөлуге тырысасың. Қазіргі кезде дарынды, қабілетті балалар өте көп. Олардың жеке тұлға ретінде, рухани өсулері үшін біз сияқты мамандардың қолдарынан келгендерін жасайды. Әлбетте ата-ананың көңіл бөлуі де үлкен рөл атқарады. Психологтер ой-өрісін кеңейтетін материалдар жасап, жұмыстарын жоғары деңгейде жасайды. Ал мен музыкант ретінде оларды музыкаға бейімдетіп, егер әнге жақын болса оларды барынша бағыттауға тырысамын. Дегенмен де ауытқуы бар балалардың қабылдауы да, есте сақтау қабілеті де ерекше. Ол есте сақтау үшін, қабылдауы үшін дамыту жұмыстары жүргізіледі. Әрине бұл жұмыстардың қалай жасалатынын, қандай материалдар жасалатынын, қандай жоспар болатынын, балалардың дамуын қалай жасауға болатынның барлығын психологтар, арнайы мамандар, мұғалімдер жақсылап түсіндіріп айтып береді.

— Теңдік туралы айтып жатырмыз. Қоғамда мұндай балаларға тең қарай алып жүрміз бе?

— Осындай демалыс аймақтарында, арнайы клиникаларда, дамыту орталықтарында балаларға тең қаралады. Оларды ешкім бөліп жармайды. Дегенмен де қоғамға шыққан кезде, сыртқа шыққан кезде түрлі адам, әртүрлі ойлы, әртүрлі пікірлес адамдар бар. Сондықтан ол жерде қандай да бір ерекше екендерін, тең емес екендерін сезулері мүмкін. Бірақ, бұрынғыға қарағанда ерекше балаларға көбірек мән берілетін, оларды қоғам көбірек түсінетін болды. Қазіргі таңда ешкім қолын көрсетіп, “андай екен, мындай екен” деп айтпайтын болды. Мінекей осыны теңдік демегенде не? Әртүрлі адамдар болсақ та, әртүрлі ұлт болсақ та, әртүрлі жандар болсақ та біз бәріміз адамбыз, біз бәріміз теңбіз. Бұрынғы кездерде болған шығар бөлу, ажырату, ұлтына байланысты, ауруына байланысты бөлу. Ал қазіргі таңда адамдардың көзі ашылып, көптеген нәрселерді түсінгеннен кейін ондай нәрселер жоқ демеймін, біраз есеге азайды. Болашақта бөлу болмайды, әрдайым тең екенімізді біліп бір-бірімізді қандай болсақ та қолдаймыз, түсінеміз деген үлкен үміттемін.

— Осындай ерекше балаларды бағып қағып отырған ата-аналарға не айтасыз? Айтарыңыз болса?

Ондай ата-аналарға бірдеңе деп айтудың өзі қиын. Бұл адамдарды мен өз басым “батыр” деп айтамын. Өйткені, психикалық дамуы тежелген, ақыл ой кемтарлығы бар, ауытқуы бар балаларға қараудың өзі қиын. Сабақ беріп жатқан кезде, үйретіп жатқан кезде мойындаймын қиналып кететін, тіпті ер адам болсам да жылағым келіп кететін сәттер болады. Ал мұндай балалардың ата-анасы ондай жайттарды, ондай қиындықтар күнде, күн сайын, тіпті минут сайын көреді. Оларды бағып қағу, оларды мектепке апару, арнайы клиникаларға, мектептерге апару ол қиынның қиыны. Сондықтан бұл адамдарды мен “батыр” деп есептеймін. Сұхбаттың барысында бөліп жататын адамдар жоқ емес бар деп айтқанмын. Ондай адамдарға айтқым келетіні сіздің алдыңызда не тұрғанын, қандай жағдай болатынын, балаларыңыздың қандай болатынын ешкім білмейді. Әрине Алла сақтасын, дегенмен де қандай адам болсақ та, қандай балалар болса да олардың барлығын бөлмей, бірдей, оларға тең қарайықшы дегім келеді. Өйткені, біз бәріміз де адамбыз, пендеміз.

“Теңдік” сөзі латын тілінен аударылғанда “тегіс”, “теңестірілген” болып аударылады. “Теңдік” синонимі — “әділеттілік”. Сондықтан да әрдайым әділеттілікке жақын болайық, тең болайық.

Соңғы жаңалықтар