Өнермен өрілген өмір - kaz.caravan.kz
  • $ 439.43
  • 473.31
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
8 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өнермен өрілген өмір

Өнермен өрілген өмір

Балалар шығармашылығында ата-ананың рөлі қандай? Бағыт-бағдарды қалай берген дұрыс? Таңдау еркі балаға қаншалықты әсер етеді?

  • 7 Шiлде 2021
  • 152
Фото - Caravan.kz

Осы тұрғыда Caravan.kz медиа порталының тілшісі "Тамшылар" балалар шығармашылық орталығының директоры, продюсеры, композитор Мақсат Мұқашұлы Жәутіков мырзамен сұхбаттасты.

— Ағай, орталықты ашуыңызға не түрткі болды? Соның ішінде балалар шағармашылығын ашу себебіңіз жайында айтсаңыз…

— Композиторлығым, әншілігім ата-анамнан дарыған деп ойлаймын. Өйткені әкем де, анам да өнерден құр алақан емес. Әкемнің суырып-салма ақындығы болған, сонымен қатар домбырада, баянда ойнап ән салатын. Әкем бүкіл Жаркент қаласы, Панфилов ауданының өнер мәдениетін басқара жүріп, сонымен қатар, қазіргі тілмен айтқанда «продюсер» болған. Ал, анам Жаркент қаласындағы «Әжелер» ансамблінің белді әншісі.

Мектеп кезінен олимпиадаларға, ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Талдықорған педагогикалық институтына (қазіргі Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университтеті) жолдама алып, арман қуып оқуға аттанып, музыка факультетінің «музыка пәнінің мұғалімі, хор дирижері және қосымша педагогика құрамы» мамандығы бойынша тәмамдадым. Өзім Жаркент қаласының тумасымын.

Арман қуып Алматыға келдім. Осында өнерімді жалғастырдым. Ол кезде Кеңес үкіметінің кезі, орысша әндер көп болатын. «Чунга-чанга» деген әндердің таралған кезі. Қазақ тілінде «Батыр бала, Болатбек» әні ғана болды. Ол жылдары жарнама болмады. Қазақ тіліндегі әндер де жоқтың-қасы. Сол кезде «Неге балалар шығармашылығын кең ауқымды деңгейде көтермеске, неге өз үлесімді қоспасқа, балалар шығармашылығымен айналыспасқа?» деген ой туындады. Сол оймен ән әлемінде Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Әнші болғым келеді», Майра Ілиясованың продюсерлік орталықтарында біраз жұмыс жасадым.

Ал, 2006 жылы өзім жеке «Тамшылар» атты балалар шығармашылығы орталығын аштым. Орталыққа «ән айтамыз» деп келген балалар өте көп болды. Солардың ішінен, ең дарынды деген 20-30 бала іріктелініп алынды. «Тамшылар», «Тауматау», «Еркес», «Әсер», «Таңдау», «Бозінген», «Тәтті» топтары құрылды.

Бүгінгі таңда «Тамшылар» үлкен фестивальге айналған. 10 жылдың көлемінде Қазақстанның басты-басты деген қалаларында «Тамшылар» фестивалі жоғары деңгейде өтіп келді. Бүкіл әлемді жайлаған қауіпті індетке байланысты фестиваль өткізу әзірге саябырсып тұр. Алдағы уақытта оркестрмен үлкен концерт қойсақ деген арманымыз бар.

Сондай-ақ, өзім ашқан «Studio MAX» Тамшылар» балалар шығармашылық орталығының директорымын және музыкалық орталықта жемісті еңбек етіп келемін. «Тамшылар» балалар шығармашылық орталықта 100-ден аса дарынды балалар тәрбиеленіп, халықаралық, республикалық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, лауреат атанды. Сондай-ақ, қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өтетін іс-шараларға қатысып, өнерлерін көрсетуде.

Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдерге арналған «Тамшылар» атты кітап жазу үстіндемін. Кітаптың ішіне балаларға арналған 65 ән нотасымен бірге кіріп отыр. Кітабым осы жылдың аяғына қарай жарыққа шығады деген үміттемін..

— Орталықтың «Тамшылар» деп аталуының өзіндік сыры бар болар

— Әрине, өзіндік сыры бар. Өнер – теңіздің тамшылары. Кішкентай тамшылар ертең теңіздің үлкен майталмандары болады деген ұғым. Біз қазақ ырымшыл халықпыз. Қай нәрсені де жақсылыққа балап, ырымдап жасайтын дана халықпыз. Сондықтан, біздің орталық өзіндік сырымен ерекше.

«Балауса балғын сырлы әндер, Мөлдір тұнық нұрлы әндер» — деп жырлаған ақын Назгүл Сарыбаеваның сөзі — менің қанатты сөзіме айналды.

— Өзіңіз айтып өткендей, орталықтың ашылғанына 14-15 жыл уақыт өтіпті. Аз уақыт емес, әрине. Шәкірттеріңіз көп шығар…

— Әрине, шәкірттеріміз өте көп. Еліміздің танымал, алдыңғы қатарлы азаматтары болды. Әлемдік деңгейдегі өтетін ән байқауларының жеңімпаздары атанды. Жоғарыда айтып өткендей, кітабымда шәкірттерімнің қуаныштарын, жетістіктерін, жеңістерін атап көрсетемін. Елімізді, туымызды үлкен әлемдік додаларда жарқыратып, көкке көтерді. Мақтанған сәттеріміз өте көп болды. «Тамшылар» орталығы құрылғаннан бері осы уақытқа дейін әлемнің ән додаларына қатысып, үлкен марапаттар мен жүлделерге ие болдық.

Шәкірттерімнің бірнешеуін атап өтсем, олар Әлішер Жақсыбай, Венера Сағи, Дәрия Болсанбек, Динара Даирова, Әсет Балғазин, Айым Елтайқызы, Тамирис Жанғазинова, Аяна Қажымова, Мырзағұл Алмағамбетов, Думан Марат, Балауса Ерғалина, Айым Ержанова, Мерей Тоғанбай және т.б.


Шет елде өтетін балалар шығармашылығына арналған Халықаралық ән байқауларының барлығына дерлік қатысып келдік. Қарасам, біз бармаған мемлекет қалмапты. Африка, Корей және Жапон елдерінен басқасының бәріне бардық деп айта аламын.

Бұрын шәкірттеріммен мақтанбаушы едім, қазір ауыз толтырып, мақтанып, айтып жүретін болдым.

— Вокал бойынша жұмыс атқарасыздар ғой…

— Әрине, ән айту класы бар. Біздің орталықта кәсіби түрде ән айтуды үйретеміз, сондай-ақ сапалы түрде ән жаздырып, әнді әрлеп-өңдеп, көреременге, тыңдарманға жоғары деңгейде жеткіземіз. Осы жылдары және бұрынырақта жазылған әндерді балалар бір-бірінен көшіріп, айтып жатыр.

— Балаларды қай жас аралығында қабылдайсыздар және қанша жыл білім алады?

— Орталыққа балаларды қабылдаудағы жас ерекшеліктерінде шектеу жоқ. Баланың тілі шықса болды, қабылдай береміз. Жалпы, ән айту оңай емес, ол әр баланың табиғатына және ұстазына байланысты. Негізінен, әр бала 16-17 жасқа дейін білім ала береді. Сонымен қатар, бала арнайы келісімшарт арқылы оқуын жалғастыруына мүмкіндік бар. Әр бала мамандықты өз қалауымен таңдағаны дұрыс деп есептеймін. Қатып қалған қағида мен заңдылық жоқ. Білімін шыңдаймын десе, тек алға қарай дами бергені жақсы.

— Өнерге ата-ана ықпалымен барған бала мен өз қалауымен баратын балалар жайында айтсаңыз. Балаға берер бағыт жайында…

— Айырмашылық көп. Табиғи, туа біткен таланты бар балалар келеді. Кейбіреу дайындықтың арқасында келеді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші.

Тәжірибемде болған жайды айта кетейін. Бірде, атасы мен әжесі кішкентай немересін «ән айтады» деп алып келді. Талабын байқап көрдім. Содан, «боксқа беріңіз» деп айтсам, үлкен кісілер «немереміз ән айту керек» деп қоймады. Атасы мен әжесі қолқалап қоймаған соң, бір жылдай ән айту класына қатыстырып, дайындап көрейік деп келістік. Баланың бір, екі айдан соң есту қабілеті ашылып, ән айту қабілеті дамып, өзін алдыңғы саптан көрсетіп, үлкен ән байқауына қатысып бірінші орын алғаны бар. Сондықтан айтарым, қатып қалған заңдылық жоқ. «Әу» демейтін қазақ жоқ деп бекер айтылмаған ғой. Оған, әрине, үлкен дайындық қажет. Бір бала бірден әнді алып кетеді, біреуі дайындық арқылы ашылады. Сондықтан, баланы өнерге баулыған өте жақсы. Бала жан-жақты болу қажет. Үлкен азамат болып, өзіндік орны бар жақсы бір тұлға шығады.

— Баланы әлеуметтік желі тәрбилеген заман болды. Осы жөнінде айтарыңыз…

— Дұрыс айттыңыз. Техниканың мықтап дамыған және дамып жатқан дәуіріндеміз. Қазіргі ұрпақ мүлдем басқаша. Оның бәріне мүмкіндік беріп қоймауымыз керек. Яғни, баланы босаңсытып, таңдауын, қалауын жасата беру де қателік. Жас баланы қалай бағыт беріп өсірсең, солай иіледі. Шектеу де қойып, үлкен қадағалауды қажет ететін уақыт болып тұр. 3-4 жасар баланың өзі әлеуметтік желіден бәрін көріп, үлкен адамның ойына келмейтін сұрақты қойып отырады.

Әрбір ата-ана баланың толықтай жауапкершілігіндегі адам болғандықтан, әр баланы қадағалау керек. Қадағалаудың арқасында рет-ретімен орындаған жөн. Баланы бәрінен тыйып тастау да дұрыс емес. Бұл бүгінгі заманның талабы.

— Алға қойған жоспарларыңыз жайлы айтсаңыз…

— Алға үлкен қойған жоспарларым, арманым бар. Елімізде, әлемде болып жатқан індет тоқтаса.

Балалармен қосылып, лауреаттармен, өнер майталмандарымен бірігіп жанды дауыста, оркестрмен үлкен концерт берсек деген арманым бар. Жоспарым орындалса деймін.

Тілегім: Қазақстаным тек алға дами берсе деймін!

— Көп рахмет, ағай! Алға қойған жоспарларыңыз бен арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер!

Соңғы жаңалықтар