17 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
17 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

17 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

17 қараша. СЕНБІ

  • 17 Қараша 2012
  • 954
Фото - Caravan.kz

Халықаралық студенттер күні. Прагада 1939 жылғы 17 қарашада неміс-фашист басқыншылары атып өлтірген чех патриот-студенттерін мәңгі есте қалдыру құрметіне, Прагада 1946 жылы өткен Дүниежүзілік студенттер конгресінде бекітілді.

Мемлекеттік мейрам — Чехияда азаттық пен демократия үшін күрес күні. 1939 жылы осы күні чех студенттері нацистік басқыншылыққа қарсы наразылық көрсетіп, ал 1989 жылы дәл осы күні — коммунистік режимге қарсы нарызылық танытқан.

Әзірбайжанның ұлттық қайта жаңару күні. 1988 жылы бұл күні Бакудегі Ленин алаңында (қазір Азаттық алаңы) бұрынғы Кеңес Одағы орталық билігінің таулы-қарабақтық дау-жанжалға қатысты саясатына қарсы наразылық білдіріліп, Әзірбайжанның КСРО құрамынан шығарылуын талап еткен ұрандар айтылды.

Арменияда әскери-медициналық қызметкерлер күні. 1992 жылдың 17 қарашасынан — Армения Қарулы күштерінің әскери-медициналық емханасын құруды аяқтаған күні атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

95 жыл бұрын (1917) Батыс Қазақстанда «Ішкі Ордалықты басқарушы облыстық кіндік комитетінің хабары» (қысқаша «Хабар») деген атпен екі тілде тұңғыш кеңестік газеттің алғашқы саны жарық көрді. Атауы бірнеше мәрте өзгерген басылым 1963 жылдан бері «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері болып жарық көріп келеді. Газет 1968 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

14 жыл бұрын (1998) Қазақстан Азаматтық партиясы құрылды.

7 жыл бұрын (2005) қазақстандық «Қазақстан-Антарктида-2005» спорттық экспедициясының командасы Жердің ең суық құрлығындағы шыңды бағындырып, оған «Қазақстан» деген ат қойды. Бағлан Жүнісов бастаған альпинистер командасының мүшелері шың басына шығу үшін 40 метрлік 15 арқанды пайдаланған.

7 жыл бұрын (2005) ұлы жазушы Мигель де Сервантес Сааведраның «Дон Кихот» романының жарық көргеніне 400 жыл толуына орай Астанада Испанияның мәдени күндері басталды.

175 жыл бұрын (1837) 17-24 қараша күндері Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер Жасқұста хан жасағымен шайқасты.

8 жыл бұрын (2004) 17-19 қарашада Бейжіңде Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жөніндегі комитетінің Өткізу пункттері арасындағы және кеден ісі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссиясының бірінші мәжілісі болып өтті.

8 жыл бұрын (2004) Үндістанда Үнді әйел-кәсіпкерлері консорциумының шақыруымен және Үндістандағы Қазақстан Елшілігінің жәрдемімен Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсіптік палаталар одағының (СӨПО) делегациясы қатысқан конференция өтті.

8 жыл бұрын (2004) Алматыда тұңғыш тарихи «Бейбарыс» мейрамхана-клубының беташар таныстыру рәсімі өтті. Ашылу салтанатында оңтүстік астана қоғамдастығының белгілі өкілдері мен Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялардың өкілдері болды. Мейрамхана-клуб мақсаты — халықты рухани-адамгершілік сезімде тәрбиелеу, дала мәдениеті мен мәдени байланыстардың жаңа түрлерін насихаттау.

8 жыл бұрын (2004) Алматыдағы Орталық көрме залында Ғали Мырзашевтың «Уақыт жолдары» жеке көрмесінің ашылуы болды. Ғ. Мырзашев — сахналау, анимациялық кино, кітап графикасы және станоктық өнер салаларында жұмыс істейтін кеңістігі кең суретші.

8 жыл бұрын (2004) Ақтөбеде тұңғыш қазақстандық «Промстройиндустрия-Ақтөбе» халықаралық көрмесі өтті. Ұйымдастырушылар — Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда, Энергетика және минералдық ресурстар министрліктерінің қолдауымен Ақтөбе облысының әкімшілігі мен «Атакент-Экспо» көрме компаниясы. Бұл шараның басты мақсаты — Батыс аймақтағы өнеркәсіп пен құрылыс индустриясын дамытуға, ҚР 2015 жылға дейінгі Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы және Тұрғын үй құрылысы Мемлекеттік бағдарламасы аясында қазіргі заманғы технологияларды енгізуге жәрдем жасау.

7 жыл бұрын (2005) Қазақстанның орталық спорт клубының альпинизм және шыңға өрмелеушілер командасы Антрактидада Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы мен демеушілердің туын көтеріп, салтанатты түрде негіздік лагерь ашты. «Қазақстан — Антарктида-2005» спорттық-альпинизм және шыңға өрмелеушілер командасы Оңтүстік полюстегі осы уақытқа дейін ешкім шығып көрмеген бес құзар биіктіктің төбесіне табан тіреді. Сөйтті де, бұл биіктіктерге «Қазақстан шыңы», «Астана шыңы», «Қазақстан халықтары Ассамблеясы шыңы», «Әл-Фараби шыңы», «Оңтүстік Олимп биіктігі» деген ат беріп, сөйтіп Антрактида картасында жаңадан шыңдар пайда болды.

7 жыл бұрын (2005) «Эпоха созидания» атты кітап жарық көрді. Авторы заң ғылымдарының докторы профессор Владимир Ким. Ол өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардан бері Нұрсұлтан Назарбаевтің идеяларын зерттеумен айналысып келеді. Бұл кітап Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің әлеуметтік-саяси және конституциялық-құқық көзқарастарын талдауға арналған. Автордың 2000 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің саяси және конституциялық-құқық көз қарастарын талдау туралы «Годы созидания» атты еңбегі жарық көрген.

5 жыл бұрын (2007) Алматыда сазгер Бақытжан Байқадамов шығармаларының мерейтойлық аудио -CD альбомының тұсаукесері болды. Ол «Асыл мұра» жобасы аясында жарық көрген 14-ші CD диск.

Бақытжан Байқадамұлы (1917-1977) — қазақ ұлттық әндерін жинақтаушы хор композиторы ғана емес, хор сюитасының негізін салған ұлттық музыка ғылымының жаңашыл өкілі ретінде де тарихта қалды. 1957 жылы Бүкіләлемдік жастар фестивалінде алтын медалмен марапатталған Б. Байқадамов әйгілі «Айгүл» ән-би ансамблі мен ғылыми-эксперименталды музыкалық шеберхананы ұйымдастырды. Ұлттық музыка саласындағы сіңірген еңбегі үшін 1957 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері» атанып, «Еңбек Қызыл ту» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. 1997 жылы оған Халық композиторы атағы берілді.

3 жыл бұрынт (2009) Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваның Оралдағы «Ағартушы» баспасынан «Гүлдесте» атты жаңа жинағы жарық көрді.

Бұл — «Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы» сериясымен шығарылып отырған кезекті кітап. «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақынның «Гүлдестесіне» оның шығармашылығы туралы қаламдастарының әр жылдары жазған мақала, ой-пікірлері, арнау өлеңдері енгізілген. Сондай-ақ кітаптан ақынның өзінің де сұхбаттары мен мақалаларын, кейінгі кезде жазған жырларын да оқуға болады.

ЕСІМДЕР

73 жыл бұрын (1939) техника ғылымының докторы, профессор, Халықаралық көлік академиясының академигі, Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университетінің ректоры ҚАБАШЕВ Рахымжан Әбілқасымұлы дүниеге келді.

Ақмола облысында туған.

Томск архитектура-құрылыс институтын, Мәскеу автомобиль жолдары институтының аспирантурасын бітірген.

Жезқазған қалалық механикаландырылған колоннаның механигі болып жұмыс істеген. 1968-1981 жылдары — Қазақ политехникалық институтының аға оқытушысы, доценті. 1981-1991 жылдары — Алматы архитектура-құрылыс институтының кафедра меңгерушісі, деканы. 1991-1996 жылдары — Алматы автомобиль жолдары институтының бірінші проректоры. 1996-2000 жылдары — Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының бірінші проректоры. 2000-2001 жылдары — Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық университеті Машина құрастыру институтының директоры. Қазіргі қызметінде — 2001 жылдың қаңтарынан.

«Жол және құрылыс машиналары: жер қазатын машиналардың жұмысшы органдарының абразивті тозуы», «Машиналардың параметрлерін статистикалық тәсілдермен анықтау», «Қазақстан автомобиль жолдары жер қабаттарының түпкі негізіндері каталогы», «Қазақстан Республикасы жер қабаттарының каталогы» кітаптарының, 250-ден астам ғылыми жарияланымдардың авторы. 25 авторлық куәлігі мен патенті бар.

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі.

68 жыл бұрын (1944) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Ғылымдар Академиясының, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының академигі КӨМЕКОВ Серік Ешмұхамбетұлы дүниеге келді.

Жамбыл қаласында туған. Ташкент мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым Академиясы Ленинград (Санкт-Петербор) физика-техникалық институтының аспирантурасын бітірген.

Ташкент мемлекеттік университетінің ассистенті болып жұмыс істеген. 1973-1994 жылдары — Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының аға оқытушысы, жалпы физика кафедрасының меңгерушісі, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры. 1994-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің бөлім бастығы, жоғарғы білім және ғылым бас басқармасы бастығының орынбасары, инспекциялау, лицензиялау және аттестациялау басқармасының бастығы. 1998-2002 жылдары Алматы мемлекеттік университеті теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, Алматы технологиялық университеті жоғары математика және жалпы физика кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2002-2003 жылдары — Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті ғылым және халықаралық байланыстар департаментінің директоры. 2003 жылдың мамыр айынан — Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті жалпы және теориялық физика кафедрасының меңгерушісі.

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

92 жыл бұрын (1920-1991) ғалым, дерматолог-венеролог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері МАҚАШЕВА Раиса Кәрімқызы дүниеге келді.

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында туған. Қазақ медицина институтын (С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті) бітірген.

1946-1952 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Өлкелік патология институтының кіші ғылыми қызметкері. 1952-1978 жылдары — Алматы мемлекеттік медицина институты тері және венерология аурулары кафедрасының ассистенті, доценті, профессоры, меңгерушісі. 1978-1981 жылдары — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тері-венерология ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері дерматология және венерология мәселелеріне арналған. Ол ауру тудыратын саңырауқұлақ қоздырғыштарының ауру барысында да немесе сыртқы ортада да өте тұрақты болатынын анықтаған. Осының нәтижесінде ауру тудыратын әр түрлі саңырауқұлақтарға қарсы зарарсыздандыру әдісін, сондай-ақ, темекіден болатын тері ауруларынан жазылу үшін жергілікті курорттық емдердің пайдасы мен зиянын дәлелдеп берді.

II дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

72 жыл бұрын (1940) ғалым, тарихшы-археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Берлиндегі Неміс археологиялық институтының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры БАЙПАҚОВ Карл Молдахметұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Талғар қаласында туған. Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. 1963-1989 жылдары — Қазақ КСР Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары болды. 1989-1991 жылдары — Қазақ КСР Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты Археологиялық орталығының жетекшісі қызметтерін атқарады. 1991 жылдың қыркүйек айынан — Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры қызметін атқарады.

Қазақстанның орта ғасырлық тарихын, қала мен дала арасындағы байланысты зерттеп, ғылымда жаңа бағытты дамытты. 40-тан аса монография, археологияға байланысты 4 оқу құралы, 4 мектеп оқулығы, 12 альбом және 500-ден аса ғылыми мақалалардың авторы. Бірнеше халықаралық конференцияларға қатысып, ЮНЕСКО ұйымдастырған «Жібек жолы» халықаралық экспедициясына Қазақстан тарапынан жетекшілік етті. ЮНЕСКО-ның Орта Азия тарихымен айналысатын халықаралық ғылыми комитеті мен «Ұлы Жібек жолы» Қазақстан ұлттық комитетінің мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. «Парасат» орденімен және медалдармен марапатталған.

39 жыл бұрын (1973) шахматшы, гроссмейстер, халықаралық дәрежедегі спорт шебері ҚАЖЫҒАЛИЕВ Мұртас Мұратұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында Орал қаласында туған. Облыс орталығындағы 40-орта мектепті бітірген. Халықаралық «Қайнар» университетін бітірген. Ол 8 жасынан (1981) шахматпен айналыса бастаған. 1988 ж. 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында, 1993 ж. 26 жасқа дейінгі жастар арасында республика чемпионы атанды. 1997 ж. Аргентинадағы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Швейңарияда өткен алем чемпионатының қола жүлдегері болды. 1998 ж. Элиста қаласында (Қалмақия) 33-інші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы кезіндегі ФИДЕ конгресінде оған ресми түрде «халықаралық гроссмейстер» атағы берілді. Сол жылы «Астана» медалімен марапатталды. Қазір Оралда Қажығалиев ұйымдастырған дарынды балалар мектебі жұмыс істейді, облыс аудандарында оның филиалдары ашылуда.

222 жыл бұрын (1790-1868) неміс математигі және астрономы Август МЕБИУС дүниеге келді.

46 жыл бұрын (1966) француз кинактрисасы және режиссері Софи МАРСО дүниеге келді.

106 жыл бұрын (1906-1991) Honda Motor Corporation компаниясының негізін қалаушы Соитиро ХОНДА дүниеге келді.

68 жыл бұрын (1944) американ актері, режиссер, продюсер Дэнни ДЕ ВИТО(Дэниел Микаели) дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар