Жарияланды: 770

2004-жылы мемлекеттік бюджеттен білім беру жүйесін қаржыландыруға 150 млрд. теңге бөлінді - ҚР білім және ғылым министрі

2004-жылы мемлекеттік бюджеттен білім беру жүйесін қаржыландыруға 150 млрд. теңге бөлінді - ҚР білім және ғылым министрі

"2004-жылы мемлекеттік бюджеттен білім беру жүйесін қаржыландыруға 150 млрд. теңге бөлінді. Алдағы жылы бұл қаржы 40 процентке өседі". Бұл туралы бүгін, 26-наурызда Азия даму банкінің "Білім беру саласын дамыту стратегиясы" атты жобасы бойынша өткізілген қорытынды конференцияда ҚР білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеев хабарлады.

Ж.Күлекеевтің пікірінше, соңғы жылдары Қазақстанда "мектептерді қаржыландыру жағдайы жақсарып келеді. Барлық аймақтардағы жағдай біркелкі болмағанымен, мектептерге арналған қаржы дер кезінде бөлінетін болды". ҚР білім және ғылым министрінің мәліметі бойынша, "соңғы 15-20 жылда мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында елеулі жұмыстар тындырылған жоқ". "Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы мектептерді ағымдағы жөндеуден өткізу, жекелеген шаралар ұйымдастыруға жұмсалып отыр. Сол себепті мектеп директорлары демеушілер мен ата-аналардан көмек сұрауға мәжбүр",-деді министр. "Менің ойымша, алдағы уақытта орта білім беру жүйесін қаржыландыру жағдайы анағұрлым жақсара түспек. Бірақ бұл қоғам өкілдері мен ата-аналар бұл іске атсалысуы тиіс емес дегенді меңземейді. Өз басым мектептердің ата-анадан аз мөлшерде жылу жинауын қолдамаймын. Мен қалталы кәсіпкерлердің мектептерге қолұшын беріп демеушілік жасағанын қалар едім",- деді ол. Ж.Күлекеев осы орайда "Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған үш жылдық бағдарлама жобасын жасауды облыс әкімдеріне тапсырғанын" еске салды. "Бірінші кезекте химия, биология және физика секілді пәндерді оқытуға жағдай жасау қажеттігі туындап отыр",- деді министр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін