Жарияланды: 450

2020 жылға дейін ЖОО-ларда корпоративтік басқару жүйесі енгізіледі

Білім беру саласын дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында жаңа менеджмент жүйесінің ілкі жобасы енгізіледі.

Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Білім және ғылым министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Нұрлан Ыбырайым мәлім етті. «Қазір біз мембағдарламаның негізінде білім жүйесіне корпоративтік басқару принциптерін енгізуді шешіп жатырмыз», - деді Н. Ыбырайым. Оның атап көрсеткеніндей, корпоративтік басқарудың негізгі принциптеріне тұжырымдама қабылдау, бюджетті бекіту және кадр саясаты функциялары кіреді. Департамент басшысының сөзінше, ілкі жоба аясында университеттерде байқаушылар кеңесі құрылады. Олардың негізгі міндеті мемлекеттік кәсіпорындарға қоғамдық бақылау жүргізу болып табылады және корпоративтік басқарудың толыққанды органы болмақ. Қазіргі таңда оның құзыры заңмен бекітіліп қойылған. «Үкімет шешімімен алғашқы бақылаушы кеңестері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде енгізіледі», - деді ол. «Егер ілкі жобаны орындау барысында корпоративтік басқару жүйесінің тиімділігі анықталса, бұл елдің барлық білім беру мекемелеріне енгізіледі. Корпоративтік басқару принциптері 2020 жылға дейін елдің барлық азаматтық ЖОО-ларда енгізіліп бітеді», - дейді аталмыш департамент бастығының орынбасары Ержан Нұрғалиев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть