Жарияланды: 40

2022 жылы отыз бес студенттер жатақханасы пайдалануға беріледі

2022 жылы отыз бес студенттер жатақханасы пайдалануға беріледі

2022 жылы 10 мың орынға арналған отыз бес студенттер жатақханасы пайдалануға беріледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кеңес барысында айтылды, деп хабарлады ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта өтеді деп жоспарлануда. Соған байланысты студенттер жатақханасы тапшылығы болуы мүмкін. Бұл мәселе әсіресе көптеген ірі жоғары оқу орындары шоғырланған мегаполистерде өзекті.

"Ғылым және жоғары білім министрлігі облыстардың басшыларымен және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен бірлесіп, 10 тамызға дейінгі мерзімде студенттер жатақханаларында орын беру жоспарын әзірлеп, бекітуі қажет. Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға өзгерістер енгізу қажет", - деп атап өтті премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Осыған байланысты ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ЖОО ректорларына барлық жатақханаға тексеру жүргізіп, төсек-орын санын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл шара қазіргі ахуалды анықтап, студенттерге уақытша тұрғын үй салу жоспарларына түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Министр университеттерге жақын орналасқан жатақханалар мен қонақүйлер (хостелдер) арасында меморандум жасау тәжірибесін кеңінен қолдану қажеттігін де атап өтті.

Сондай-ақ жиында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жатақхана салу жобаларындағы қағазбастылықты жою мәселелері де талқыланды.

Айта кетері, 2022 жылы 10 мың орынға арналған 35 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін барлығы 30 630 орынға шақталған 124 нысан іске қосылды. Оның ішінде 2021 жылы 10 364 орынға есептелген 49 ғимарат пайдалануға берілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін