2025-2029 жылдары ел экономикасының барлық саласында өсім күтілуде - kaz.caravan.kz
  • $ 481.84
  • 531.33
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
4 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2025-2029 жылдары ел экономикасының барлық саласында өсім күтілуде

2025-2029 жылдары ел экономикасының барлық саласында өсім күтілуде

Үкімет отырысында еліміздің экономикалық өсімі туралы жобалар қарастырылды.

  • 28 Тамыз
  • 3
Фото: ашық дереккөз

Үкімет отырысында еліміздің 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025–2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңының жобасы қаралды. Жобалар бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндама жасады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Вице-премьер атап өткендей, болжам халықаралық ұйымдардың жаһандық экономиканың өсуі қарқыны мен сыртқы тауар нарықтардағы конъюнктураны ескере отырып қалыптастырылды.

Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес әлемдік экономика 2025 жылы 3,3% деңгейінде өсетін болады. Мұнайдың әлемдік бағасы бойынша консенсус-болжамы 2025 жылы барреліне 78 АҚШ долларын құрайды.

Сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты дамудың үш сценариі қарастырылды.

Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасы барреліне 75 АҚШ доллары деңгейінде ұсынылады.

Болжам бойынша 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 5,6%, 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсмі 5,4%-ды құрайды.

Атаулы жалпы ішкі өнім 2025 жылы 150,8 трлн теңгеден 2029 жылы 234,2 трлн теңгеге немесе $498,4 млрд-қа дейін өседі, бұл Мемлекет басшысының экономика көлемін екі есе ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалуын қамтамасыз етеді.

Экономиканың барлық саласында өсім күтілуде.

«Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 2025 жылғы 5,4%-дан 2029 жылы 6,6%-ға дейін өседі деп болжанып отыр. Тау-кен өнеркәсібіндегі орташа жылдық өсім 2,9%-ды құрайды. Мұнай өндіру көлемі 2025 жылғы 97,2 млн тоннадан 2029 жылы 104,8 млн тоннаға дейін өседі. Ауыл шаруашылығында орташа жылдық өсім – 5,3%-ды, құрылыста – 9,3%-ды, көлік қызметтерінде – 8,2%-ды және сауда-саттықта – 7,1%-ды құрайды», — деді Нұрлан Байбазаров.

Оның айтуынша, тауар экспорты 2025 жылы $82,3 млрд-тан 2029 жылы $90,0 млрд-қа дейін өседі деп болжануда. Импорт $61,3 млрд-тан $67,5 млрд-қа дейін өседі.

Сауда балансының оң сальдосы орташа есеппен $22,7 млрд-ты құрайды.

Инфляция деңгейі 2025 жылы 5,5-7,5%, 2026 жылы 5-6% деңгейінде айқындалды, кейін 2027–2029 жылдары 5%-ға дейін төмендейді деп белгіленген.

Макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы негізінде 2025–2027 жылдарға арналған бюджеттік параметрлер болжамы қалыптастырылды.

«Республикалық бюджет кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) болжамдар бойынша 2025 жылы 15,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 10,4%-ын, 2026 жылы – 16,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 9,9%-ын, 2027 жылы – 18,2 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 9,6%-ын құрайды. Республикалық бюджет параметрлерінде кепілдендірілген және нысаналы трансферттердің мөлшері ескерілген. Осыны ескере отырып, республикалық бюджет шығыстары 2025 жылы 25,8 трлн теңге көлемінде болжануда, бұл жалпы ішкі өнімнің 17,1%-ын, 2026 жылы – 23,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 13,7%-ын, 2027 жылы – 24,6 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің12,9%-ын құрайды деп жоспарланған», — деді министр.

Оның айтуынша, 2025 жылы 3 250 млрд теңге көлеміндегі нысаналы трансферт әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ өңірлік өсім деңгейін қолдауға бағытталатын болады.

2025 жылы бюджет тапшылығын 2026–2027 жылдары жалпы ішкі өнімге қатысты тиісінше 2,2%-ға және 1,9%-ға дейін төмендете отырып, жалпы ішкі өнімге қатысты 2,7% деңгейінде айқындау ұсынылады.

Мұнай емес тапшылық деңгейі 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің 7,3%-на, 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 4,0%-ға дейін төмендейді деп болжануда.

Ұлттық экономика министрі «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025–2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасында мұнайдың шекті бағасы 2025 жылы барреліне $42,3, 2026-2027 жылдары барреліне $41,0 – $39,4 деңгейінде белгіленгені туралы атап өтті.

Осыны ескере отырып, 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалады.

Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы $62,2 млрд және 2026-2027 жылдары $69,9 – $78,7 млрд-ты құрайды деп болжанып отыр.

Сөз соңында вице-премьер 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жобасын және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобаларын қолдауды сұрады.