Жарияланды: 780

23-қыркүйекте Астанада дүниежүзілік және дәстүрлі ұлттық діндер құрылтайы басталады

23-қыркүйек, сейсенбіде Астанада дүниежүзілік және дәстүрлі ұлттық діндер құрылтайы басталады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Құрылтайдың ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен форумқа қатысушы делегация жетекшілері сөз сөйлейді деп күтілуде. 24-қыркүйек, сәрсенбіде түстен кейін Қазақстан Елордасының жаңа алаңындағы "Астана-Бәйтерек" ескерткішінің жанында түгелдей жиналған құрылтайға қатысушылар жаратушыға сыйынып жаппай дұға оқиды. Қыркүйектің 23-24 жұлдызында Қазақстан Елордасында өтетін дүниежүзілік және дәстүрлі ұлттық діндер құрылтайына әлемнің әр елінен 17 делегация қатысқалы отыр. Бүгінгі жағдаймен, Астанаға Қытай буддистік қоғамы төрағасының орынбасары Цзямуян Лосанцзюмэй Туданьцюсдиним басқарған Бүкілқытайлық буддистік Қауымдастық өкілдері, Бүкілқытайлық даосистік қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Цжан Цзиюй мырзалар келді. Сондай-ақ, құрылтайға қатысу үшін Жапония синтоистік шіркеулер бас басқармасының директоры Минору Сонода, Евангелияны уағыздау жөніндегі конгрегациясының президенті Юзеф Томко, Ставрополь және Владикавказ епископы Феофан, Ресейдің бас раввині Адольф Шаевич басқарған өкілдер келді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 40 конфессия өкілдерін құрайтын 3036 діни бірлестіктер жұмыс істейді. Ал 1990-жылы республикада 761 діни бірлестік тіркелген болатын. Бүгінде елімізде 1669 мұсылмандық бірлестік, 249 православиелік, 81 католик, 23 иудейлік, 1 мыңға жуық протестанттық бірлестіктер бар. Олардың иелігінде 2,2 мың мешіт, шіркеу, дұға үйі мен басқа да культтік ғимараттар ашылған. Еліміз бойынша 8 жоғары (соның ішінде 2-мұсылмандық, 1-католик, 1-лютерандық, 4-протестанттық), 6 арнаулы орта және 3 жалпы білім беретін діни-рухани мекемелер жұмыс істейді. Әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша, қазіргі таңда елімізде дінге табынушылар саны арта түсуде, айталық, қазір еліміз тұрғындарының 62 проценті өздерін діндармыз деп санайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть